«Банк қосымшалары арқылы жұртты тонап жатыр» деген әңгімені жиі естиміз. Бірақ расында солай ма? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл пікірді жоққа шығарды. Сенаттағы жиында агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов алаяқтықтың 95% жағдайында кінә банк жүйесінде емес, азаматтардың өзінде екенін кесіп айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Мен сіздерге айтайын, қаржылық алаяқтықтың 95 пайызы әлеуметтік салдардан болады. Яғни, қарыз алушы алаяқтардың ықпалына түсіп, банк, не микроқаржы ұйымының кеңсесіне барып, өз атына қарыз рәсімдейді, болмаса депозиттік шотынан ақшасын шешіп, алаяққа береді», дейді ол.
Оның айтуынша, көп жағдайда алаяқтар құрбандарын қорқытып, сендіріп немесе арбап, кеңсеге дейін апарып, несие рәсімдетіп жібереді. Не болмаса адам өз аяғымен барып, ақшасын шешіп алып, өзі-ақ беріп жібереді. Яғни банк қосымшасының қауіпсіздік жүйесі биометрия, SMS-код, ЭЦҚ бәрінен азамат өзі өтіп шығады.
«Банкке ешкім кіріп, артқы есіктен ақша әкетіп жатқан жоқ. Проблема адамның психологиялық әлсіздігінде. Бұл жерде әлеуметтік инженерия деп аталатын әдіс іске қосылады», – деді Қизатов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін шетелдік алаяқтар қазақ тілінде сөйлеп, жасанды интеллект арқылы қоңырау шалып, сенімге кіруге тырысатыны туралы ақпарат тараған.