Баланың әлеуметтік жағдайы табысты болуына әсер етпейді — Аймағамбетов

Сурет: naqty.kz

Баланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы міндетті түрде жетістікке жетуіне тосқауыл болмайды – мұндай қорытындыны ҚР Білім және ғылым министрі жасады.

«Көптеген зерттеу отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы оқушының мектептегі үлгеріміне айтарлықтай әсер ететінін көрсетеді. Мысалы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен балалардың оқу үлгерімі нашар. Алайда барлық оқушы қолайсыз жағдайлардың теріс әсеріне көнбейді, кейбіреулері бейімделу және кездесетін қиындықтарды жеңудің жоғары қабілеттілігін көрсетеді», — деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram парақшасында.

Министр PISA зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанда студенттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы оның табысқа жетуіне міндетті түрде кедергі бола алмайтынын атап өтті. Қазақстанда студенттердің 16%-ы академиялық тұрақты (ЭЫДҰ-11,3%). Қазақстан мұндай балалардың үлесі жоғары бес елдің қатарына енеді.

“Академиялық тұрақтылыққа ие білім алушылар көбірек оқуды ұнатады, тапсырмаларды орындау үшін көп жұмыс істеуге тырысады және өз мақсаттарын қою мен оған қол жеткізудің үлкен қабілетін көрсетеді. Қазақстанның нәтижелері мұндай білім алушылардың академиялық тұрақсыз білім алушыларға қарағанда өз мақсаттарын қоюға және орындауға неғұрлым бейім екенін статистикалық тұрғыдан көрсетті.», — деп атап өтті Аймағамбетов.

Алайда академиялық төзімділік өздігінен дамымайды. Бұл ата-ана мен мұғалімдердің қолдауына, мектеп климатына байланысты. Бұл оқушының өзіне деген сеніміне де әсер етеді.

«ozgeris.info” порталы