Бүгінгі күннің ең жиі талқыға түсетін мәселелерінің бірі – мектеп таңдау. Бұл көбіне қазақ ата-аналар мен олардың балалары үшін күрделі тақырып. Әр ата-ана өз баласының жарқын болашағын мектеп кезден-ақ құруды қалайтыны анық. Сол себепті баланың оқу орнын таңдауға келгенде бас қатырар жағдайлар жиі туындайды. Ал біздің елде қазақ немесе орыс мектебі я болмаса, аралас мектептерде қосылады. Осы орайда, баланы әу бастан қазақ мектебіне берудің артықшылықтарына тоқталып, оның он себебін түсіндіруге тырысамыз.
Бірінші, балаңыз үлкен мемлекеттік қызмет мансапқа тұрса, мемлекеттік тілден қиындықтар болмайды. Бәрімізге белгілі, жоғары лауазымға орналасу үшін қазақ тілінен міндетті бағалау емтихандары өткізіледі. Себебі бүгінде лауазымды үкімет басшылары қазақ тілін жетік білуге тиісті. Ата заңымызда елде тек бір ғана мемлекеттік тілдің бар екені және оның қазақ тілі екені анық айтылған. Яғни, бұл ешкім жоққа шығара алмайтын факт. Ал мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, сөйлеуде қазақ мектептерінің тигізер үлесі орасан зор. Егер осы бастан балаларға осы нәрсені айтып, түсіндірер болсақ, бала өз еркімен қазақ мектебін таңдайды.
Екінші, балалар мектеп бітіруде де қазақ тілінен емтихан тапсырады. Қазіргі кезде мектеп қабырғасындағы оқушылардың 80 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Ал болашаққа көз жүгіртіп қарар болсақ, шамаен 10 жылдан кейін халықтың 80-90 пайызы қазақша сөйлейді. 2017 жылға дейін мектеп түлектері ҰБТ-де орыс тілінде тест тапсыратын еді. Кейіннен бұл заң өз күшін жойды. Дегенмен, орыс тілін қазақ тілі алмастырып, сол кездегі ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев аттестат алу үшін түлектер міндетті түрде қазақ тілінен емтихан тапсырады дегенді айтты. Осыдан кейін тілдің маңызының артқанын анық аңғарамыз. Бұл тұрғыдан да бар мәселе айналып келгенде, қазақ тіліне келіп тіреледі. Сол себепті, қазақ тілін жетік игеруде қазақ мектептерінен артығы болмайтынын қайталаудан жалықпаймыз.
Үшінші, сапалы білім. Бұлай айтуға себеп – ресми деректер. Елімізден түрлі республикалық, халықаралық деңгейде бақ сынап жүрген жас ғалымдар немесе ҰБТ-ден республика көлемінде ең жоғары балл жинаған түлектердің басым көпшілігі, қазақ мектептерінің оқушылары. Еліміздегі оқу сапасынан көш бастап тұрғанда қазақ мектептері болып есепетеледі. Сондықтан ата-ана баланы аралас немесе басқа да мектепке бермес бұрын, осы секілді маңызды факторларды ескеруі қажет.
Төртінші, таптаурындардан арылу. Кеңес Одағы кезеңінде орыс тілді мектептердің даму деңгейі мен құрылымы жоғары болғаны рас. Кейін еліміз егемендігін алғаннан кейін олқылықтардың орны толтырылды. Әлі де толтырылу үстінде. Сол себепті қазақ мектептері бір қадам артта қалған деген стереотиптерден арылған дұрыс. Мектептермен ондағы білім сапасына нақты көз жеткізбей жатып, оған күмән келтіру жаңсақ пікірдің туындауына себеп болады. Қазақ мектебінде оқитын бала мұның шын мәнінде бұрыс пікір екендігіне көз жеткізе алады. Сонымен қатар балаларын қазақ мектептерге беру арқылы ата-аналар өз таңдауын тәуелсіз мемлекеттің даму болашағы мен азаматтық өміршеңдігінің пайдасына шешеді. Қоғамды жоғарыда аталған жалған пікірлерден тазартады. Бұл өз кезегінде, ел мен ана тілінің дамуына қаланған бір кірпіш іспетті.
Бесінші, Қазақстандағы орыс мектептерінің саны едәуір қысқаруда. Бұл дегеніміз олардағы білім сапасы төмендеді деген сөз емес. Жалпы, қазақ және орыс мектептерінің арасындағы таңдау патриотизм немесе прагматизм мәселелеріне қатысты емес. Бұл жерде мәселе – демографиялық және идеологиялық факторлар осындай мектептерге үлкен әсерін тигізуде. Халық санының артуы, соның ішінде қазақ халқының санының өсуі секілді түрлі факторлар әсер етуде. Осының себебінен қазақ сыныптары мен мектептері айтарлықтай өсім дәрежесін көрсетті.
Алтыншы, қазақи менталитет пен тәрбиені сақтау. Өзінің сал-дәстүрін, өзіне тән ерекшеліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтау – халықтың отан алдындағы бір парызы. Жиі байқайтынымыздай өзге мектептерге қарағанда, қазақ мектептері ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға көп көңіл бөледі. Оның себебі, балаларға дәріптейтін, түсіндіретін, жеткізетін, ақпараттандыратын мұғалімдер мен қызметкерлердің болуы. Қарапайым мысал келтірер болсақ, әр жыл сайын тойланатын наурыз мерекесі. Мерекенің ел үшін маңыздылығын түсіндіру және мерекелік көңіл-күй сыйлау арқылы оны дәріптеп, балалардың санасына сіңіру аса маңызды. Өз ділін, салты мен дәстүрін білмей, көрмей өскен баладан болашақта патриот қалыптасады деп айту қиын.
Жетінші, болашақта орын алуы мүмкін өзгерістерге дайын болу. Уақыт жылдамдығына ілеспей, өз ағынымен ауысып жатқан заманда ертеңді болжап білу мүмкін еместей. Дегенмен, бүгінгі елдің саясаты мен экономикасына нақты зер салсақ, болашақты болжай алу мүмкіндігін көруге де болады. Болашақта мемлекеттік құжаттар, іс-қағаздар тілі ретінде қазақ тілі көрінуі мүмкін. Сонымен қатар, кез келген мамандықта ең әуелі қазақ тілі жоғары сұранысқа ие болып, жұмысқа тұрудың басты критерийлерінің біріне айналуы ықтимал. Қазірде сарапшылардың жасаған мұндай қорытындыларына ат үсті қарау әбестік.
Сегізінші, қазақ мектебін бітірген балалардың басты артықшылығы – олар нағыз қос тілді болады. Олар қазақ тілін біледі, осы тілде ойланады, сөйлейді, жазады, толық түсінеді. Қазақ тілі тікелей аударымдармен жасалған оқу әдістері негізінде берілмейді. Айтылу, сөйлеу мен жазу түпнұсқа күйінде баланың бойына сіңеді. Сонымен қатар, кириллицамен латын әріптерінде еркін жазуға бейімділігі артады. Ал мұндай фактілер көптеген салаларда артықшылық береді.
Тоғызыншы, қазақ мектептерінің түлектеріне жыл сайын бөлінетін оқу гранттарының саны едәуір жоғары екені жасырын емес. Егер біз мектепті баланың қалыптасуына тамызық болады деп есептесек, жоғарғы оқу орындары одан да үлкен рөл атқарады. Яғни, баланың тұлға және маман болып қалыптасуына септігін тигізеді. Демек, мектептен кейінгі оқудың маңызы аса зор. Мемлекет тарапынан берілетін көмектер мен қолдауларға қол жеткізуде қазақ мектептері түлектерінің мүмкіндігі жоғары. Сонымен қатар, тек жоғары оқу орындары ғана емес, түрлі оқу бағдарламалары да оқушыларға көптеген мүмкіндіктер ұсынады.
Оныншы, елдің болашағын ойлау. Себебі, елдің болашағы жастардың қолында. Бұл ұран осыған дейін де талай мәрте айтылған. Ал бізге қазақ тілінде ойлайтын, қазақша тәрбие көрген, ұлттық құндылықты бойына сіңірген, қазақи ортадан шыққан жастар қажет. Бұлай деуге себеп, үлкен құрбандықпен келген еліміздің егемендігін сақтаудың ең үлкен жолы осы.
Гүлдана ЕРМЕКҚЫЗЫ
ПІКІР ЖАЗУ