Бабкина Мельница тұрғындары инфрақұрылымның жоқтығына шағымданды

Өскемен қаласына қарасты Бабкина Мельница кентінің тұрғындары өз ауылдарының инфрақұрылым мәселелері жылдан-жылға ушығып бара жатқанын айтады. Кентте халық саны өсіп, жаңа мектеп салынғанымен, шешімін таппаған мәселе көп. Ауыл тұрғындары кенттегі қордаланған мәселені қала Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовпен кездесуде айтты.

Дәріхана жоқ – ауырсақ дәрі таба алмаймыз

Кентте тұратын 3646 адамның басты уайымы – дәріхананың жоқтығы. Тұрғындар ауырған жағдайда дәріні шұғыл алу қиын екенін, әсіресе түнгі уақытта жағдай мүлдем күрделі болатынын жеткізді.

— Халық дәрі-дәрмек алу үшін қалаға сабылып баруға мәжбүр. Әсіресе, түнгі уақытта ауырған адамға көмек көрсету мүмкін емес. Ауырмай тұрып дәрі алып қоюға мүмкіндік жоқ. Кентте дәріхана мүлдем жоқ. Ауырсақ, түнімен дәрі іздеп қалаға баруға тура келеді. Егде жастағылар үшін бұл тіпті қиын, – дейді ауыл тұрғындары.

Қала әкімі бұл мәселеде әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Дегенмен, жеке кәсіпкерлер бұл істің табысы төмен деп есептеп, дәріхана ашуға асығар емес.

– Мемлекет дәріхана сала алмайды, бірақ бұл жобаны қолға алатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді қала әкімі Алмат Ақышов.


Жайлы мектеп дайын, балабақша – жоспарда

Кентте жаңадан салынған заманауи жайлы мектептің құрылысы толық аяқталғанымен, оқушылар әлі күнге дейін жаңа ғимаратқа көшкен жоқ. Қала басшысы қазір тиісті құжаттар рәсімделіп жатқанын, 1 сәуірге дейін мектептің нақты ашылу күні белгілі болатынын айтты. Ал балабақша салу мәселесі инвесторлар табылуына байланысты шешілмек.

Көшелер жарықсыз, жолдар шұрқ-тесік

Тұрғындар әсіресе жолдың сапасыздығы мен көше жарығының жоқтығын ашына айтты.

– Кешке қарай көшеде жүру мүмкін емес. Қараңғыда балалар мектептен қорқып қайтады. Көптеген көшелер мүлдем жарықсыз, ал орнатылған шамдардың қуаты жеткіліксіз,  –дейді тұрғындар.

Әкімнің айтуынша, ауылдың жол мәселесі әзірге қиыршық тас төсеу арқылы уақытша қалыпқа келтіріледі. Ал асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен шешілмек.

– Қаланы жарықтандыру жүйесінің жартысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеп тұр. Бұл жүйелер 2034 жылға дейін қала балансына өтпейді. Дегенмен, қуаты әлсіз шамдарды ауыстыру қарастырамыз, – деді қала басшысы.