Қазақстандық үш жоғары оқу орны жабылды

Қазақстандық үш аутсайдер жоғары оқу орны сот шешімімен жабылды. Олардың қатарында Орталық Азия университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті, «Астана» университеті бар, деп хабарлайды «ozgeris.info»  БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соңғы жылдары аты аталған жоғары оқу орындары БҒМ тапсырысы бойынша «Атамекен» ҰКП жүргізетін білім беру бағдарламаларының рейтингінде үнемі төмен позициядан көрінді. Бұл университеттердегі білім беру бағдарламаларының басым бөлігі жұмыс берушілердің талабына сайкелген жоқ және білім алушылар арасында да сұранысқа ие болмады.

«Мысалы, Орталық Азия университеті рейтингке 2019 жылы – 36, 2020 жылы – 37, 2021 жылы – 11 білім беру бағдарламасы бойынша қатысты. Яғни көптеген бағдарламалар бойынша түлектердің аздығына байланысты нәтиже көрсете алмады. Жабылған жоғары оқу орындары сапаны жақсарту бағытында жұмыс істемеген жоқ, білім беру бағдарламаларына инвестиция салмады, практик-мамандарды қызметке тартпады. Талдау нәтижесіне сүйенсек, білім беру бағдарламалары бойынша рейтингі төмен жоғары оқу орындары қауіпті аймаққа түсетін университеттермен өзара байланысты болады. Нәтижесінде аутсайдер жоғары оқу орындары лицензиясынан айырылып, білім беру қызметін тоқтатты», – деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Дәл осындай жағдай «Астана» университеті мен Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде орын алды. Бұл жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының 70-75%-ы сапасы бойынша талаптарға және жұмыс берушілердің сұранысына сай болмады.

«Сонымен қатар қазір басқа жоғары оқу орындарын тексеру нәтижелері бойынша сот процестері жүріп жатыр. Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде педагогикалық және техникалық бағыт бойынша кадр даярлау жұмыс берушілердің талабына сай келмейді. Кадр даярлау сапасын жақсарту – маңызды мәселе. Егер бүгін университеттер тиісті талапқа сай болмаса, онда ертең біз білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандырмайтын мамандарды даярлаймыз. Біз жоғары оқу орындарына олқылықтардың орнын толтыруға уақыт береміз, алайда олар түзетуге асықпайды. Осыған байланысты біз қатаң шара қолданамыз», – дді Гүлзат Көбенова.

 «ozgeris.info»