«Аяқ алып жүру мүмкін емес». Риддердегі жалғыз жағажайдың жағдайы мүшкіл

Фото: Репортер телеграм каналынан

Риддер қаласындағы Журавлиха өзенінің жағажайы адамшошырлық күйде. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Е.Көшербаев әрбір аудандағы демалыс орындарын ретке келтіру керек дегенге дейін бұл жағажайға жергілікті деңгейде мүлде көңіл бөлінбеген, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Бұл қаладағы жалғыз суға түсуге арналған орын. Оның өзі бөтелкелер мен жағадағы тамақ қалдықтарына және жақын жерде үйілген ағаш бұтақтарына толып тұр. Бүгінде бұл маңда аяқ алып жүру мүмкін емес. Осы тұста қала тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Бірі жағажайға келетін демалушыларды кінәласа, енді бірі тазалыққа жауаптылар жұмысын дұрыс істемейді дейді.

«Мәселе мынада: қала тұрғындары өз арттарын жинамайды. Оған қоса, қалдықтарды тастайтын қоқыс жәшігі де жоқ. Бұдан бөлек азаматтарды жауапкершілікке шақыруымыз керек. Демалуды біледі екен, кейінен жинауды да үйренсін», дейді демалушылардың бірі.

Жағажайдың жалғыз мәселесі қоқыс жәшіктерінің жоқтығы емес. Көктемге су тасқынының салдары бұл жақта да жойылмаған. Маңайдың барлығын ағаш бұтақтары мен тастар жауып тастаған. Ал оны жинауға техниканың қосымша күші керек.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына техникамен қамтамасыз ету туралы өтініш берілді, жақын арада жағажай қайтадан ретке келтіріледі деп сенеміз. Қоқыс жәшіктеріне келетін болсақ, жағажайда қалдық тастауға арналған бетон орнатылған. Одан бөлек демалушылардың өздері де сүттен ақ, судан таза емес. Жағажайға қойылған бейнекамера қолды болды. Кәуап пісіруге арналған құрылғыларды темір тапсыратын жерге өткізіп жіберген. Ең сорақасы тыйым салынғанына қарамастан, кейбір адамдар құм мен суды ластап, суға көлігімен кіруге тарысады.», — дейді демалыс орнын жалға алушы Надежда Позднякова.

Надежда Позднякова жауапкершілікті түсініп, жағалауды ретке келтіруге міндеттелді. Алайда, өзінің қара басын ғана ойлап, өзгеге де зиянын тигізетін азаматтардың әрекетіне кім жауап береді?

Осыдан кейін жағажайдағы тәртіп пен тазалыққа жауап беретін полиция қызметкерінің болғандығы артықтық етпейді деген шешімге келдік.