Жаңалықтар

Автосақтандыру күрт қымбаттады — депутаттар да таңғалып отыр

Қазақстанда көлік иелері үшін міндетті сақтандыру  айтарлықтай қымбаттады. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, кейбір өңірлерде тарифтердің өсуі 200%-ға дейін жеткен. Бұл халықтың наразылығына себеп болуы мүмкін. Себебі жаңадан сақтандыру полисін рәсімдеу қалтаға ауыр соққы болып отыр, деп жазады Ozgeris.info.

2023 жылы Астанада жас жүргізушілер үшін автосақтандыру орта есеппен 36 мың теңге тұрған. Қазір бұл көрсеткіш 112 мың теңгеге дейін өскен. Алматыда ең төменгі баға 78 мың теңге. Ал басқа өңірлерде шамамен 40 мың теңге тұрады. Депутат бұл өзгерісті негізсіз, қарапайым халықтың қаржылық мүмкіндігін ескермеген деп есептейді.
— Бұл шешім сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттырудың орнына, керісінше, жүргізушілерге қосымша ауыртпалық жүктеп отыр. Тіпті кейбір нормалары Конституцияға қайшы келеді. Құжат сақтандыру саласының өкілдерімен және қарапайым жүргізушілермен кеңесусіз қабылданған, — деді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат әсіресе сақтандыру тарифтеріндегі дискриминациялық нормаға назар аударды. Қазақстан азаматы алғаш рет полис рәсімдеген кезде автоматты түрде ең қымбат тарифке түседі. Ал шетелдік жүргізуші бірден 50% жеңілдік берілетін 13-классқа ие болады.
— Еліміздің жас жүргізушісі 80 мың теңге төлесе, шетелдік азамат дәл сол полис үшін екі есе арзан бағаға ие болады. Бұл заң алдындағы азаматтардың теңдігіне тікелей қайшы. Конституцияда бекітілген қағидаттар бұзылып отыр. Егер тарифтерді 20-30 пайыз көтергенде түсінуге болар еді. Бірақ мұнда 200 пайызға дейінгі өсім бар. Бұл қоғам тарапынан үлкен наразылық туғызуы мүмкін, — деп ескертті Бейсенбаев.
Барлық жаңалық