Жаңалықтар

Астана ғаламға төнген қауіпті сейілтті...

Әлем бұрын-соңды болмаған белгісіздік пен тұрақсыздық дәуірінде тұр. Қарулы қақтығыстар, климаттың өзгеруі, сенім дағдарысы, цифрлық трансформация – осындай өзекті тақырыптар биыл Астанада өтетін халықаралық форумның күн тәртібін құрады. 29 мамырда бас қалада басталған Астана халықаралық форумы (АХФ) – жаһандық диалог пен прагматикалық ынтымақтастықтың өзегіне айналды. Форум аясында екі күн бойы түрлі елдер мен халықаралық ұйымдардың 160-тан астам спикері сөз сөйлейді, деп сараптайды Ozgeris.info.

13 мыңнан астам ядролық оқтұмсық бар

Форумды ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл диалог алаңының дәл осындай сындарлы кезеңде өтуінің маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі әлем – жан-жақтан бөлшектеніп, сенім жойылып бара жатқан күрделі орта. Мұндай жағдайда бейбітшілікті сақтау мен елдер арасындағы құрметке негізделген диалогты күшейту баршаға ортақ міндет. Былтырғы мәліметке сүйенсек, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Салдарынан экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл – әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 13,5 пайызы.
– Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр. Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде. Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол – әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі. Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды. Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек. Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде жаһанда 13 мыңнан астам ядролық оқтұмсық бар. Тоқаевтың айтуынша, бір ғана ядролық жарылыстың өзі адамзатқа орны толмас экологиялық және гуманитарлық апат әкелуі мүмкін. Қазақстан – тарихында 450 ядролық сынақ көрген ел ретінде бейбітшілік пен қарусыздану идеясын бірінші кезекке қояды. Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік тек әскери немесе геосаяси өлшеммен емес, адамзаттың ортақ жауапкершілігімен шешілетінін баса айтты.
– Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін Қазақстан жақсы біледі. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен еліміз әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Біз бейбітшілік үшін Кеңес өкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Бүгінде жаппай қырып-жоятын ядролық және биологиялық қаруды таратпау ұстанымын жақтайтын елміз. Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мұны мойындаған жөн. Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру. Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз, – деді Президент.

Бірлігіміз – әралуандықта

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ішкі саяси реформалары мен экономикалық даму стратегиясын айқын жеткізді. Ол елдегі өзгерістердің тек ресми мәлімдеме емес, шынайы серпінге негізделгенін атап өтті. Президент өз сөзінде халықтар арасындағы өзара құрметтің маңызын ерекше атады. Оның пікірінше, басқа елдің тарихы мен мәдениетін менсінбеу – өркениетті қоғамға тән емес қателік. Осы тұста ол біз «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанып отырмыз деді.
– Мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс, – деді Президент.
Қазақстанда жүргізілген референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерістер жайында айтқан Тоқаев, мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік жүйенің қалыптасқанын еске салды.
– Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алдық. Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелді. Бұл – еліміздің саяси жүйесін нығайтып, өркениетті қоғам құруға жасалған нақты қадам, – деді ол.
Геосаяси ахуалдың құбылып тұрғанына қарамастан, Қазақстан жоспарланған реформалардан бас тартпайды. Бұл бағыттағы табандылық мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді көзқарасының айғағы. Президент ел экономикасының 2024 жылы 5,1 пайызға өскенін, шетелдік тікелей инвестициялар көлемі рекордтық деңгейге жеткенін және Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымал көлемінің 62 пайызға артқанын нақты дерекпен жеткізді.

Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу

Мемлекет басшысының сөзіншне, стратегиялық мұрат цифрмен ғана бағаланбайды. Реформалар аясында адам капиталына инвестиция салынып, жас мамандардың қалыптасуына жағдай жасалуы керек.
– Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеуетімізді күшейте береміз. Қазір цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу. Әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді. Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті. Бұдан бөлек еліміз, СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады, – деп жақсы жаңалық айтты.
Сонымен бірге, атом энергетикасы тақырыбы қаузалды. Президент пікірінше, әлемдегі уран қорының 40 пайызы бізде болғандықтан атом энергетикасын дамытуды ұлттық стратегияның басым бағыты ретінде қарастырып отырмыз. Әйткенмен климат дағдарысын шешпей тұрып орнықты дамуға жол ашу оңай емес. Оның үстіне, Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары.
– Аталған қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық бағыттағы климат күн тәртібін ілгерілетуге бейілміз. Оның аясында еліміз бірқатар халықаралық ұйымға мүше болып, келісімдерге қосылды. Келесі жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Бұл алаң Орталық Азия елдерінің стратегиясын жаһандық мақсатпен ұштастыруды көздейді. Қазақстан өзара құрмет пен аймақтық ықпалдастықты арқау еткен Орталық Азияның тұрақтылығы берік, ынтымағы бекем, болашағы айқын болғанын қалайды. Екі ай бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын құру туралы қарарды ресми түрде қабылдады. Бұл – біздің Қазақстанның көпжақты дамуға үлес қосқан маңызды жетістігі. Аталған орталық бірлескен жобаларға қолдау көрсетіп, техникалық сараптамаларды қамтамасыз етеді және халықаралық ынтымақтастықты үйлестіреді, – деді Президент.

БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауы қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие, алайда оған қарсы әрекетте бірізділік жоқ деп мәлімдеді. Бұл ретте ол Қазақстанның орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайтынын жеткізді.
– Жыл соңына таман Нью-Йоркте БҰҰ-ның 80 жылдығын атап өтеміз. 1945 жылы, яғни, дүниежүзіндегі сұрапыл соғыстан кейін 51 мемлекет бірге құрған бұл Ұйым бейбіт әрі қауіпсіз әлемді құрудың батыл жолын ұсынды. Бүгінде Ұйымға 193 ел мүше. Осылайша, ол әлемдегі құрамы әралуан, күрделі әрі өзара тығыз байланысқан қоғамдастыққа айналды. Әйтсе де БҰҰ-ның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі мүлдем өзгерген жоқ. 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды, – деп мемлекет ұстанымын хабарлады.
Президенттің айтуынша, алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс. «Барлық ел БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауы қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуы шарт. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіруге болады», деді.

Келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр

Форумның мәні интеллектуалдық әралуандықта жатқанын жеткізген Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен келген мәртебелі меймандардың әрқайсысы өмірлік тәжірибесін, өзіндік дүниетанымын, сондай-ақ құндылықтар ықпалымен қалыптасқан көзқарастарын ортаға салатынына сенім білдірді.
– Алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр. Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы. Бәріне ортақ өркениет жолын таңдаймыз ба, әлде жікке бөлініп құрдымға кетеміз бе? Оны үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет. Астана халықаралық форумы осы ынтымақтастыққа қолдау білдіру үшін құрылды. Аталған алаң өзара құрметке негізделген және ашық пікірталас мүмкіндігін ұсынады. Биылғы форум тақырыбы – «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» (Connecting Minds, Shaping the Future). Бұл – біздің үндеуіміз әрі қалтқысыз сеніміміз. Жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Дипломатия ресми протоколдың тар шеңберінен шығып, анағұрлым терең әрі адами қалыптағы қарым-қатынасқа төр ұсынуға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңінде адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасы қаланады.
– Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек. Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңірлер мен мәдениеттердің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын. Бұл форум тың ойлар айтылатын ғана емес, батыл қадамдар жасалатын алаңға айналсын. Баршаңызды мазмұнды диалог орнатуға шақырамын. Алдағы пікірталастар қызықты, форум жұмысы нәтижелі болуына тілектестік білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттер пайымы

Астана халықаралық форумы тек пікір алмасу алаңы ғана емес, бүкіл әлем елдері үшін жаңа бағыттар мен шешімдерді ұсынатын прагматикалық әріптестік орталығы ретінде қалыптасты. Форумның пленарлық отырысында Руанда Президенті Поль Кагаме, Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюй, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе, Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы Пан Ги Мун сөз сөйледі. Пленарлық сессияда CNN телеарнасының бұрынғы жүргізушісі, журналист Джулия Чаттерлей модератор болды. Модератор сұрағына жауап берген Руанда Президенті Поль Кагаме өз елінің тарихи жолына тоқталып, Қазақстандағы даму моделін Орталық Азия мен Африка арасындағы өзара тәжірибе алмасудың жақсы үлгісі ретінде атады.
– Біз әуелде өз тарихымызға арқа сүйейміз. Елімізде болған геноцидті еске алыңыз. Өзге елдер бізде болып жатқан жағдайға назар аудармай басқа жаққа көз тігіп жатты. Бірақ бұл бізге өзге елдермен ынтымақтастық орнатуға кедергі болған жоқ. Дос пейілді елдер мен серіктестерімізден көп қолдау алдық. Бірақ бұл әрқайсымыз өз міндетімізді орындамасақ, соншалықты ықпал етіп, пайдалы дүние болмаушы еді. Біз өткен тәжірибемізден сабақ алдық. Басқа елдерде болып жатқан оқиғалардан кез келген мемлекеттің дамуы үшін қауіпсіздік аса маңызды элемент екенін аңғарып отырмыз. Қазақстандағы бақуаттылық – мемлекеттің күшті басшылығынан әрі тұрақты дамудан көрініс табады. Бұл форум диалог үшін ғана емес, жаһандық прагматикалық ынтымақтастықтың өмірлік маңызды алаңына айналды, – деді Поль Кагаме.
Сөз соңында Руанда басшысы елімізге АХФ алаңы арқылы әр тарап әлемдік ықпалдастыққа жеке үлесін қосатындай мүмкіндік ұсынғанына алғыс айтты. Еліміз су ресурстарын басқару бағытында жоғары әлеуетке ие. Бұл пікірді Астана халықаралық форумында сөйлеген сөзінде БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюй білдірді. Оның айтуынша, бұл сала елдің экологиялық тұрақтылығы мен аграрлық дамуында маңызды орын алады.
– 45 жылдық жұмыс тәжірибеме сүйене отырып, Қазақстанның жете бағаланбайтындығын айтқым келеді. Жалпы, әлемнің екі түрлі картасы бар. Біріншісі – Еуропаға орталықтандырылған. Өйткені Италия, Еуропа үшін Қазақстан, тіпті Қытайдың өзі кішкентай мемлекет. Мұнан бөлек латынамерикалық карта бар. Онда да жер шарындағы біздің бөлік ескерілмейді. Ал Қазақстанда миллион шаршы шақырым аумақ бар. Қазақстан заманауи технологиялар мен саясаттың арқасында үлкен жетістіктерге жете алады. Егер біз жеткілікті инвестиция, инновациямен қамтамасыз ете отырып бірлесе жұмыс істесек үлкен жетістікке қол жеткізуге болады. Тіпті, су ресурстарын басқаруда да үлкен әлеуеті бар, – деді.
Сондай-ақ ол FAO тарапынан ұйымға мүше мемлекеттерге тұрақты қолдау көрсетуге баса мән берілетінін айтып өтті.
– 2019 жылы ұйымда алғашқы реформаларды жүргізе бастадық әрі барлық қолдау шарасының тиімділігін арттыруға баса назар аудардық. Біз әрбір доллар нақты бір әсер бергенін қалаймыз. АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Италия, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан сынды барлық 20 мүше жан-жақты қолдау көрсетіп, белсенді жұмыс істеп жатыр, – деді FAO басшысы.
Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе Астанадағы халықаралық форумда жаңа демократияның үш негізін атады.
– Демократия қаншалықты ұзақ өмір сүре алады? Алты ай ма, бір жыл ма, екі жыл ма? Біз Астанада, Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің тоғысқан жерінде қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, экономика мәселелерін талқылауға жиналдық. Шынымызды айтайықшы, осының бәрін демократиясыз қамтамасыз ете алмаймыз. Егер демократия күйресе, бәз біреу саяси мүддесі үшін жазасыздықты қалыпты дүниеге айналдырса, есептілік мүмкін емес дүниеге айналса, демократия күйрейді. Ондай жағдайда жалған ақпарат үстемдік құрып, шындық төтеп беру құралы болудан қалады. Сондықтан демократияны қорғауымыз керек, – деді ол.
Форумның мәртебелі мейманы демократияны барымызды салып қорғауға шақырды.
«Терроризм, көші-қон, сыбайлас жемқорлық, киберқылмыс сияқты факторлар күннен-күнге өзекті болып барады. Олармен күресу керек. Стандарттарды теріске шығару керек. Қосарлы стандарттан қоғам сенімі сетінейді. Бізге демократияға төніп тұрған қауіп бар екенін түйсіну керек. Бәлкім оның қатерін толықтай сезініп жатпаған шығармыз. Сондықтан егемендік мүддесі үшін кейбір тыйым ережелері жұмыс істеп тұрған шығар. Кей адамдарды тым қатты кетуге мәжбүрлейтін заңдар қабылданып жатады. Сондықтан қазір жаңа демократиялық пактілер әзірлеп жатырмыз. Бұл пакт үш негізгі басымдыққа негізделген. Біріншісі – білім беру, екіншісі – қорғаныс, үшіншісі – инновация. Бұл жай ғана кезекті бір дағдарыс емес. Ешбір ел, ешбір институт бұл дағдарысты жалғыз еңсере алмайды. Осындай кезеңдерде демократия сияқты құндылықтарды кейінге ысыра тұруға болатын шығар деген ойлар туындап жатады. Бірақ бізге әлемдегі қозғалыстардың беталысын түсіну қажет», деді Еуропа Кеңесенің Бас хатшысы.
Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова Қазақстан Президентінің БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауға қатысты айтқан пікірін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, БҰҰ құрамынан біраз елдің шығуы қаупі бар.
«Әлемдік қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, цифрлық трансформация, сондай-ақ теңсіздік жағдайымен күрес мәселелеріне ерекше мән беру керек. Жаһандық күш-жігерді жұмылдырудың орнына біз кері қарай жылжып бара жатқан сияқтымыз, яғни ескі дүниежүзілік тәртіпке түсіп кететін сыңайлымыз. Қазір біз тәртіп пен ережелер үстем болған кезеңнен билік күші салтанат құрған деңгейге ауысып бара жатқанын байқап отырмыз», деді Гордана Силяновска-Давкова Астана халықаралық форумында.
Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесіне қатысты пікірін қос қолдап қолдайтынын мәлімдеді.
«Еуропалық елдің президенті ретінде шағын мемлекеттер орта державалармен бірге БҰҰ-дағы тиімді мультилатерализмді қолдауы тиіс деп санаймын, яғни БҰҰ осы үдерістің орталығында болуы керек. Ол үшін елеулі реформа қажет. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы кеңейтіліп, осы реформалардан өтуі тиіс», деді Солтүстік Македония Президенті.
Оның сөзіне қарағанда, БҰҰ-ның бас хатшысы лауазымына әйел адамды тағайындайтын уақыт жеткен секілді. Жалпы, осы Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдері БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауы қажет екеніне баса назар аударған еді. Президенттің бағдарынша, миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны мүлдем дұрыс емес. Сондықтан еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды. Келелі кеңесте БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының президенті Пан Ги Мун еліміздің орнықты даму мәселесіне қосқан үлесі туралы пікір айтты.
«БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы ретінде климатқа қатысты Париж келісімі мен орнықты даму күн тәртібінің ерекше маңызды екенін атап өткім келеді. Осы орайда Қазақстанның орнықты даму мен климаттың өзгеруі мәселелеріне қосқан үлесіне ерекше қолдау білдіргім келеді. Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның нашарлауы және таза энергетикаға көшу іс-қимылдарының негізгі мәселелерін бір ел өзі ғана шеше алмайды. Қаншалықты қуатты немесе ресурстарға бай мемлекет болса да осы ауқымды міндетті жалғыз еңсеруге қауқарсыз. Өйткені мұндай сын-қатерлер саяси идеологиялардың шекарасынан тыс», деді Пан Ги Мун.
 
Барлық жаңалық