Маңғыстауда астан уланған оқушылар мектеп асханасында ашыған тамақ жегендерін айтты, — деп хабарлайды Ozgeris.info.
Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылының тұрғыны Светлана Масатаеваның екі бірдей қызы мектепте астан уланған. Жұма күні кеште бірінің, түнде екіншісінің іші ауырып, құсып, дене қызуы көтерілген, деп жазады Massaget.kz.
«Бесінші күні сол тамақтан уланып келді. Котлет пен пюре жеген, содан болды. Үлкен қызым кештен бастап ауырды, іші кетіп, құсып, инфекциялық ауруханаға жатқыздық. Түнде екінші қызым ауыра бастады. Үйде берекетіміз кеткесін, емханаға қайтадан әкеліп отырмын», — дейді Светлана Масатаева.
Оқушылардың жаппай улану дерегі Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте болды. Соңғы ресми мәліметке сүйенсек, 460 бала ауырып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. 83 оқушы облыстық жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Қалғандары үй жағдайында емделіп жатыр.
«Балам қатты қызулап жатыр екен. «Жүрегім айнып, құсқым келеді» деді. Сол-ақ екен, ішкен-жегенін шығарып тастады. Таңғы мезгіл, балама дәрі алдырттым. Уланды деп ойлаған жоқпын. Кейін балам күндіз мектепте ашыған езбе (пюре) жегенін айтты», — дейді ауыл тұрғыны Айман Бекқараева.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсикалық белгілермен келген. Яғни іш ауруы, құсу, жүрек айнуы және іш өту белгілерімен түскен. Оқушылардың барлығы консервативті ем қабылдап жатыр.
«Яғни антибактериалды терапиямен қатар, дегедрациялық ем қабылдап жатыр, — дейді басқарма басшысы Бекболат Ізбасаров.
Осы жағдайдан кейін аталған мектептің асханасы жабылды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары асханадағы тағамдардан тиісті сынамалар алған. Бірақ оның қорытындысы әлі шыққан жоқ.
Мектеп директоры Тойлыбай Аймағанбетовтің айтуынша, асхананы 9 жылдан бері бір кәсіпкер жүргізіп келеді. Биыл да байқауда сол жеке кәсіпкер ұтып, онымен 3 жылға келісімшарт жасалған. Оқушылар уланған күні асханада бастауыш сыныптардағы 806 бала тамақтаныпты.
«Менің директор болғаныма 2 жыл болды. Кәсіпкер 9 жылдан бері менің алдымдағы басшылармен де жұмыстас болған. 3 жыл сайын конкурс тендерге түсіп, өзі жеңіп алып келе жатыр. Биылғы байқауға үш жеке кәсіпкер қатысқан болатын. Осы «Шакенова Д» жеке кәсіпкер тағы да ұтты», — дейді директор.
Осы оқиғаға қатысты қылмыстық істі бірлескен жұмыс тобы тергеп жатыр. Оның құрамында полиция, экономикалық тергеу департаменті мен прокуратура қызметкерлері бар.
Еске салайық, 9 қыркүйекте премьер-министр Олжас Бектенов Мұнайлы ауданының Бесшоқы ауылында балалардың улануына байланысты денсаулық сақтау, оқу-ағарту министрлерін, Маңғыстау облысы әкімінің есептерін тыңдаған болатын.
Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішінде республикадағы барлық мектептердің асханаларында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіледі. Ол мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталған. №8 мектепте тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кінәлілер жауапқа тартылады.
ПІКІР ЖАЗУ