WhatsApp-та жаңа алаяқтық әдіс таралып жатыр. Енді қарапайым сурет те қауіпті болуы мүмкін. Үндістанның Джабалпур қаласында бір тұрғын бейтаныс адам жіберген фотосуретті ашып, көп ақшасынан айырылған. Бұл ақпаратты Hindustan Times порталы таратты, деп жазады Ozgeris.info.
Сурет қарапайым көрінгенімен, ішінде зиянды бағдарлама жасырылған. Адам оны ашқан сәтте телефонға вирус орнатылады да, жеке мәліметтер алаяқтардың қолына өтеді. Мамандар бұл әдісті стеганография деп атайды. Яғни, зиянды код суреттің ішіне жасырылады. Көзге ештеңе көрінбейді.
– Алаяқтар графикалық файлдардың ішіне зиянды кодтарды жасырын түрде енгізуге мүмкіндік беретін стеганография технологиясын пайдаланған. Бұл бағдарлама құпия ақпараттарыңызға: банк есепшоттарына, құпия сөздерге, хабарламаларға, тіпті құрылғыны толық қашықтан басқаруға мүмкіндік береді, – дейді Stopfake.kz мамандары.
WhatsApp жүйесінің провайдері GREEN-API бұл қауіп туралы 2025 жылдың 25 сәуірінде ресми түрде хабарлады. Олар қолданушыларға қосымшаны жиі жаңартып отыруды және бейтаныс адамдардан келген суреттерді ашпауға кеңес берді.
– WhatsApp-тың Windows нұсқасында (CVE-2025-30401) осалдық анықталды. Бұл осалдық зиянды файлды ашуға итермелеу арқылы БҚ іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл осалдықтың GREEN-API сервисіне қатысы жоқ, ол тек Windows-қа арналған WhatsApp қосымшасына ғана қатысты, – деп жазылған хабарламада.
Қазір интернетте қауіп-қатер көп. Әр сурет қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан кез келген файлды ашпас бұрын жақсылап ойланыңыз. Алаяқтар енді жай хабарламамен шектелмей, сіздің сеніміңізді сурет арқылы алдап жатыр.
– WhatsApp-та таныс адамдардан келген файлдарды ашарда да өте мұқият болыңыз. Файлдың кеңейтімін (форматын) тексеріңіз. Егер кеңейтілуі күмәнді болса (мысалы, ".exe", ".vbs", ".scr") ашпаңыз. Қазіргі дерекқорлармен жаңартылған антивирустық бағдарламаларды пайдаланыңыз. Бұл зиянды файл арқылы таралатын вирустардан құрылғыңызды қорғауға көмектеседі, – деп ескерту жасады мамандар.