Жаңалықтар

“Ана жерде таныс бар еді” деген заман артта қалуы мүмкін

Қазақстанда «тамыр-таныс арқылы» жұмысқа тұру енді қиындай түседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды күшейтетінін мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.

Жаңа жүйеге сай, жұмыс берушілерді іріктеу үдерісі 7 міндетті талап негізінде автоматты түрде жүргізіледі. Ең бастысы, мемлекеттік субсидия алған ұйымдар жұмысқа қабылдаған азаматтардың кем дегенде 10 пайызын тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс. Бұл – “керек адамға” емес, шынымен жұмыс істеуге ниетті азаматқа мүмкіндік беру деген сөз. Министрліктің Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Қанат Абдулланың айтуынша, осы күнге дейін кейбір мансап орталығы қызметкерлері өз таныстарының немесе туыстарының мекемелерін тізімге енгізіп, сол арқылы жұмыс орындарын “саудалап” келген. Мұндай деректер тіркеліп, материалдар тиісті органдарға жолданған.
– Жұмыс берушілер тізімін қалыптастыру кезінде мансап орталықтарының қызметкерлері өздерінің таныстары мен жақын туыстарының ұйымдарына артықшылық беріп, жұмыс орындарын саудалайтын жағдайлар болды.  Осындай фактілер анықталып, олар бойынша материалдар тиісті мемлекеттік органдарға беріледі, –  дейді директор.
Енді мұндай келеңсіздіктерге цифрлық технологиялар тосқауыл болады. Жұмысқа тұруға үміткерлердің өтініштері тек Электрондық еңбек биржасы арқылы қабылданады. Яғни процесте адами араласу минималды болады. Бұл жаңашылдық әсіресе субсидияланатын жұмыс орындарына тікелей қатысты.  
Барлық жаңалық