Алматы тарихы тереңнен тамыр тартады

Алматы – Қазақстанның ғылыми, білім беру, мәдени, тарихи, экономикалық, қаржылық, индустриялық орталығы, сондай-ақ Орта Азияның климаттық жағдайы қолайлы жерінде орналасқан, көк желекпен көмкерілген ең әсем қалаларының бірі. Ақын Әбділдә Тәжібаев «Алматы» атты өлеңінде былай дейді:

Алматымыз астанасы қазақтың,
Тұрамын мен сол қаланың өзінде.
Рим да емес ол, Париж да емес мақтаулы,
Ұқсасы жоқ бүкіл дүние жүзінде.
Қала емес ол – сіздер көрген, достарым
Суреті оның басқалардан өзгерек.
Жырлау үшін оның жерін, аспанын
Ескірмеген, естілмеген сөз керек.
Қай қалада осынша алып емендер
Қөшелерге жайып қанат шығады.
Қай қалада алтын бұйрат теректер
Жапырағымен көкті сүртіп тұрады
Әрбір гүлге бір бұлбұлдан сайраса,
Әр сұлуға жыр шертеді бір ақын.
Әрбір көңіл жоғарыға қомданса,
Бұлттан да әрі тауымыз бар шығатын,
Желпіп өтсе жібек самал лебімен,
Ақ жаңбыр кеп астанамды шаяды.
Тартып шеңбер бояулары көгімнен
Қемпірқосақ кең құшағын жаяды.
Сүюшілер күн мен гүлді жанындай
Алматыма – астанама келіңдер.
Достарыма казақ дастарқанындай
Ақ пейілдер жайылғанын көріңдер!

Осы уақытқа дейін Алматының жасын анықтау бойынша біршама зерттеу жүргізіліп, игілікті жұмыстар жолға қойылды. Академик Карл Молдахметұлы Байпақов бір сұхбатында «1858 жылы Абрамова деген өлкетанушы Алматы туралы шағын зерттеуін жазған. Алматы туралы Владимир Бартольд пен академик Әлкей Марғұланның, археолог Кемел Ақышевтың жазған зерттеулері бар. Арғыдағы зерттеушілерді айтпағанда, бергідегі Алматыны зерттеу ісінде Шоқан Уәлиханов көп із қалдырған», – дейді. Еліміздің айтөбел археологтары мен тарихшыларының Алматының жасын «1000» деп белгілегендері белгілі. Кейбір ғалымдар Алматының тарихы 1 мың жылмен де шектелмей, бұдан да көне қала болып шығуы мүмкін екенін айтады. Алматының жасын анықтау кезінде табылған күміс теңгелерге де арқа сүйелді. Теңгелердегі «Алмату» деген сөзді алғаш оқыған – нумизмат Владимир Настич. Ғалым «Алмату» кейіннен сәл өзгеріске ұшырап, «Алматы» болғанын түсіндіреді. Бұл қазақ тарих ғылымындағы сенсация болды. Яғни Алматының сан ғасырлық тарихы бар екені дәлелденді.

1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Соған сәйкес қазіргі таңда Алматы қаласы республикалық маңызы бар қала болып есептеледі.
Алматыда қала күні жыл сайын қыркүйек айында дәстүрлі түрде атап өтіледі.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында 10 қыркүйекте «Ұлағатты сөзім ұрпаққа» атты республикалық жыршы-термешілер фестивалі, ал 14 қыркүйекте Алматы қаласы әкімдігінің , Мәдениет басқармасының және Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен «Жәнібек Кәрменов» атындағы II республикалық дәстүрлі ән орындаушылары байқауы өтті. Бұл байқау былтыр да ұйымдастырылды.

 

Байқау жүлдегерлері (2023 жыл):
«Бас жүлде» –Айдос Саниязбекұлы, Абай облысы;
І орын – Нұрболат Ұзақбай, Қарағанды облысы;
ІІ орын – Байбақты Ідірбай, Алматы қаласы;
ІІІ орын – Мадияр Азаматұлы, Қарағанды облысы;
«Ж. Елебеков атындағы арнайы жүлде» – Қанатқан Жеңісханұлы, Абай облысы;
«Ж. Кәрменов атындағы арнайы жүлде» – Өмірзақ Шешханұлы, Ақмола облысы;
Дипломанттар – Еркебұлан Қарыпов, Солтүстік Қазақстан облысы және
Нұрсұлтан Елемесов, Алматы облысы.

Сонымен қатар 15 қыркүйекте «Алатау» дәстүрлі өнер театры алдындағы алаңда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының концерттік бағдарламасы болды. Ал 16 қыркүйекте «Алатау» дәстүрлі өнер театры алдындағы алаңда «Қала күніне» орай Алматы қаласы әкімдігінің , Мәдениет басқармасының және Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен «Дос-Мұқасан» тобының концерті болады.

17 қыркүйекте «Қала күніне» арналған «Алатау» театры артистерінің қатысуымен «Ән тербеген – Алматым» атты концерт өтеді.

«Қала күні» құтты болсын!

Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі