Қытайлық Temu мен AliExpress онлайн платформаларынан сатылып жатқан бірқатар балаларға арналған тауарлар Оңтүстік Корея мен Еуропада үлкен дауға ұласты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Сеул билігі жүргізген зерттеу нәтижесінде бұл сайттарда ұсынылған 35 өнімнің 11-і қауіпсіздік талаптарына мүлде сай келмейтіні белгілі болды. Олардың құрамында бала денсаулығына аса қауіпті улы химиялық заттар фталаттар мен қорғасын шекті мөлшерден ондаған, тіпті жүздеген есе асып кеткен.
Мәселен, 6 түрлі балалар қолшатырынан табылған фталат негізіндегі пластификаторлардың концентрациясы рұқсат етілген деңгейден 400 есе жоғары болған. Бұл заттар көбіне пластикті иілгіш ету үшін қолданылады, алайда балалар ағзасына кері әсері айтарлықтай. Дәрігерлердің айтуынша, фталаттар жыныстық жетілудің баяулауына, жүйке жүйесінің әлсіреуіне, балалардағы демікпе, зейін тапшылығы және гиперактивтілік синдромы, тіпті 2-типтегі қант диабетіне алып келуі мүмкін.
Сараптамадан өткен кейбір қолшатыр үлгілерінен ауыр металл қорғасын да анықталған. Оның мөлшері рұқсат етілген деңгейден 27,7 есе жоғары болып шықты. Қорғасынның қауіптілігі – оның ағзада жиналып, ми мен жүйке жүйесін зақымдауында. Балада физикалық және психологиялық дамудың тежелуіне, сөйлеу, танымдық қабілеттердің бұзылуына әкелуі ықтимал.
Temu әкімшілігі бұл жағдайға байланысты ішкі тексеріс жүргізуге уәде бергенімен, әзірге ешқандай ресми нәтижелер жарияланған жоқ.
Қауіпті өнімдер тек Кореяда ғана емес, басқа елдерде де назарға ілікті. Мысалы, Ирландия билігі Temu платформасында сатылып жатқан жұмсақ аю мүсініндегі ойыншықты сөрелерден алып тастауды талап еткен. Себебі бірнеше рет тігістері сөгіліп, ішіндегі толтырғыш сыртқа шығып кеткен жағдайлар тіркелген.
Темекі мен тәтті сусындарды шектеуге күш салып жатқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы секілді, әлемдік қауымдастық зиянды өнімдердің айналымын тоқтатуға ниетті. Алайда онлайн маркетплейстер арқылы таралатын арзан, бірақ сапасыз өнімдер бұған үлкен кедергі келтіріп отыр.
Қазақстанда да кейінгі кездері қытайлық маркетплейстерге қатысты сын күшейіп келеді. Азаматтар қажетсіз жарнамалар мен бітпейтін «жеңілдіктер» туралы хабарламаларға шағымдануда. Бұған қоса, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев шетелден құны 200 еуроға дейінгі сәлемдемелерге кедендік баж салығы салынбайтынын айтып, мұның салықтан жалтаруға жол ашатынын алға тартты. Оның пікірінше, мұндай платформалар қосылған құн салығын да (ҚҚС) төлемей, отандық шағын және орта бизнесті бәсекеде қиын жағдайға қалдырып отыр.