Air Astana ұшағы Бакуға қонуға мәжбүр болды

Air Astana

Тбилиси – Алматы бағытымен ұшқан әуе кемесінің капитаны Airbus A321 ұшағын Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайға мәжбүрлі қондыруға сұраныс жасады, деп хабарлайды oxu.az. Бұған жолаушылардың бірінің денсаулығының күрт нашарлауы себеп болған.

«Сұраныс түскеннен кейін әуежайдың дағдарыс орталығы шұғыл түрде жұмылдырылып, жердегі қызметтер жедел үйлестірілді және барлық қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданды. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша 00:25-те сәтті қонды», – деп хабарлады әуежай әкімшілігі.

Жолаушыға медициналық көмек көрсетіліп, кейіннен жедел жәрдем бригадасына тапсырылып, әрі қарай тексеру үшін қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді.

Air Astana әуе компаниясының шешімімен рейстің межелі нүктеге ұшуы кейінге шегерілді. Қалған жолаушылар қонақүйге орналастырылды.

Air Astana әуе компаниясы Тбилиси – Алматы бағытындағы рейстің мәжбүрлі қонуына қатысты пікір білдірді. Өткен түні ұшақ Бакуге жолаушының денсаулығы нашарлауына байланысты қонуға мәжбүр болған.

Қалған жолаушылар қонақүйге орналастырылды және әлі де Әзірбайжанда қалуда.

«Экипаждың жұмыс уақыты аяқталғандықтан, рейстің ұшуы 24 наурыз күні жергілікті уақытпен 13:40-қа шегерілді. Жолаушыларға қонақүйге трансфер, тұру және тамақтану қамтамасыз етілді», – деп хабарлады Air Astana CMN.KZ редакциясына.