«Әнарумен интернет арқылы таныс»: Жанқош Тұраровтың адвокаты мәлімдеме жасады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың адвокаты Самат Мамұтов баспасөз конференциясында даулы сұрақтарға жауап берді, — деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Жанқош Тұраровтың өзі баспасөз конференциясына қатыспады. Адвокатының айтуынша, қазір Жанқош 28 қыркүйекте өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр.

Адвокат журналистердің «Жанқош пен Әнару таныс па?» деген сұрағына жауап берді.

«Интернет желісі арқылы хабарласқандары бар, оны жоққа шығармайды. Бірақ та әрі қарай жария ете алмаймын. Уақыты келгенде бәрі анық болады. Таныс».

Адвокат Самат Мамұтов БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпарат жалған екенін мәлімдеді.

«Беттестіру кезінде Жанқош 2 миллион теңге ақша ұсынды дегені — жала. Жанқоштың жағынан ондай ешқандай әрекет жасалмаған (Әнарудың отбасына хабарласып, арызды алып тастауды өтінбеген — еск.). Жанқош арыз бойынша (бұл жайтты — еск.) жалған деп есептейді. Өзін тазамын деп есептейді. Кешірім сұрап немесе арызын алып тастау туралы өтініш жасауға ешқандай негіз жоқ», — деді адвокат.

Адвокат арызданушының әкесі — танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі Жанқош Тұраровпен ешқандай байланысқа шықпағанын да айтты.