Отандағы спортта неге жемқорлық көбейді? Бұл сұрақты сенаттың кулуарында журналистер Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевқа қойды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі ORDA порталына сілтеп.
Ол бұл пікірмен келісіп қана қоймай, ведомство тап болып отырған мәселелерді де ашық айтты. Оның сөзінше, Спорт министрлігі жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатыр.
«Біздің сала да жемқорлық факторларын қолдану тұрғысынан ерекшелік болған жоқ. Өткен жылы және 2025 жылдың басынан бері министрлік Антикормен бірлесіп, жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Барлық өңірлер мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен кеңейтілген жиын өтті», – деді Жарасбаев.
Жағдайды сараптаған соң, арнайы ұсыныстар мен заңнамалық жұмыстар жүргізуге арналған жол картасы әзірленді.
«Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін спорт саласына цифрландыру енгіземіз – біз оны Е-Sport деп атаймыз. 2024 жылдың соңынан бастап ол үш модульде пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр: спортшыларды паспортизациялау, спорттық іс-шаралар тізілімі және жарыстар күнтізбесі», – деді вице-министр.
2025 жылы модульдер саны 11-ге дейін кеңейтіледі, ал 2026 жылдан бастап жүйеде спорттық ұйымдардың қаржыландырылуы да көрсетілмек. Бұл ашықтықты арттыру үшін жасалады.
«Осы шара жемқорлық тәуекелдері мен бюджет қаражатын ұрлау мүмкіндігін жояды деп ойлаймын», – деді Жарасбаев.
Сонымен қатар, вице-министр жаңа заң жобасы аясында спорттық ұйым басшылары үшін ротация институтын енгізу және оларды тағайындаудың жаңа ережелерін бекіту жоспарланып отырғанын айтты.
«Бес жылға арналған KPI бекітіледі. Егер ол сәтті орындалса, басшы келесі мерзімге қалады. Ал егер нәтиже теріс болса, не қызметінен босатылады, не басқа жұмысқа ауыстырылады», – деп түсіндірді Жарасбаев.
ПІКІР ЖАЗУ