«Үй құлаудың алдында тұр»: Талдықорғандықтар сапасыз салынғанын үйлерді айтып шағымданды

Фото: Информбюро

Талдықорғандағы «Береке» коттеджді қалашығының төңірегіндегі шу басылмаған. Сапасыз салынған үйге жауапты мамандар сотталып кеткенімен, тұрғындардың мәселесі сол күйі шешімін таппады. Жергілікті халық үй сапасыз, жалға алу құны қымбат деп отыр, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Мәліметтерге сенсек, жұртшылық биліктен баспананы жалға алу санаттан коммуналдық санатқа ауыстырып беруді сұрайды. Талдықорғандық Мафруза Жақыпова ұзақ жыл кезекте тұрып, баспанаға қол жеткізсе де, үйі құлаудың алдында тұр. Тұрғынның сөзінше, кілтті алған күннен бастап алдынан көп кедергі шыққан, деп мәлімдеді Информбюро.

«Қатты емес, тіпті, ақырын жел соққан кезде үйдің шатыры қозғалып, боран болғанда тарсылдап тұрады», – деді Мафруза Жақыпова.

Бұл – осыдан 5 жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер. Негізінен кезекте тұрған көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жетім балаларға ұзақ жылға жалға берілген. Бүгінде олардың көбі баспаналарын тастап көшіп кеткен. Өйткені, миллиондаған бюджет қаржысына салынған үйлер тұруға жарамсыз.

Ал тағы бір тұрғын Жанна Айнағұлова сапасыз үйді қымбатқа сатып отырғанын айтты.

«Қазір әкімшілік бұл үйлерді 12 миллионнан 20 миллионға дейін санап тұр.  Бұл халыққа өте қымбат. Сол үшін біз үйлердің сапасын шығаратын тәуелсіз адамдарды шақырып жатырмыз. Сапасына сай емес, санына қарай салған, осы үйдің құнын түсіру керекпіз, ол бұл біздің талабымыз», – деді Жанна Айнағұлова.

Талдықорғандық әйел Ардақ Шайкенованың айтуынша, үйдегі пенаплексті тышқандар кеміріп жатыр. Ол алдағы 5 жылда бұл үйлер сүрілуге дайын тұрғанын айтты.

«Сұрайтынымыз аренда санатынан алып коммунальныйға ауыстыру керек.  Өйткені, терезеден су ағады, төбесі салдырлайды. Қыста үйдің іші аңырап кетеді. Жаз болса, күйіп кетеді. Бар өтінішіміз осы. Жыл сайын құбылып тұратын жалға беру құнын нақты бекітіп, баспананы коммуналдық санатқа өткізу”, – деді Ардақ Шайкенова.

Деректер бойынша «Береке» қалашығындағы үйлерді бірнеше компания салған. Былтыр бас мердігердің шенеуніктермен бірлесе бюджет ақшасын жымқырғаны анықталып, екі тарап та сотталды. Құрылыс компаниясы салынып бітпеген баспаналарды аяқтауға міндеттелгенмен, сапасыз салынған үйлер мәселесі сол күйі жылы жабылып қалды.

Талдықорған құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Бабахов құрылыс жасаған жаңа мердігер компаниялардың гарантиялық уақыттары өтіп кеткенін айтады.

«Ең басты жоспар сол бітпей тұрған үйлерді бітірсек деген ой бар. Өз бөлімімде жасап беретін қаражат жоқ. Бірақ ол мәселелерді қарастырып көруге тырысамыз», – деді Әділбек Бабахов.

Бұл аумақта 600-ге жуық тұрғын үй салу жоспарланған. Алайда, 373-і ғана қолданысқа берілген, оның 200-ге жуығының құрылысы аяқталмаған. Шенеуніктердің айтуынша, жуырда құрылыс жұмыстары қайта жанданады.