Қазақ қоғамында есімі танымал Тұрлыхановтар әулетіне қатысты тағы бір күтпеген жаңалық. Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың туған інісі 54 жастағы Марат Тұрлыханов ресми түрде банкрот деп танылды. Сот шешімімен ол енді елден шыға алмайды және ешқандай жаңа қарыз рәсімдей алмайды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бәрі де 2006 жылы басталған. «Тас Май Рисорсиз» атты компания мұнай мен газ барлау, өндіру құқығына ие болып, іске кіріседі. Ірі жобаны бастау үшін «Казкоммерцбанк» арқылы 42,3 миллион долларлық несие желісін алады. Қомақты қаржы, үлкен үміт. Бірақ 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы жобаны тығырыққа тіреп, компания қарызын қайтара алмай қалады.
Кейін бұл несие БТА банкіне, одан соң «Проблемалық кредиттер қорына» өтеді. Ақыры 2023 жылы компанияның өзі банкрот деп танылады. Бірақ тарих мұнымен аяқталмайды: компанияның алған несиесін жеке кепілгерлер өтеуге міндеттеледі. Солардың бірі — Марат Тұрлыханов.
«Менде мүлік те жоқ, табыс та жоқ» дейді Марат Тұрлыханов сотта. Оның айтуынша, жалғыз табысы еңбек сіңірген жаттықтырушы ретіндегі 370 мың теңге көлеміндегі зейнетақы. Сол ақшамен үш адамды асырап отыр. Не мүлкі, не табысы жоқ, тіпті несие тарихын қайта тірілтетіндей жағдайы да қалмаған.
Осы мәліметтерді ескере отырып, сот оның банкрот екенін ресми түрде бекітті. Енді ол қаржы жағынан тәуелсіз әрекет ете алмайды: шетелге шығуға тыйым салынған, қарыз алуға құқығы жоқ.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру