Қоғам

"Тәртіпсіздік және санитарлық жағдай жоқ": Дәстүрлі базарлардың дәуірі аяқталуға жақын

Базарлар әрқашан қоғамның маңызды бөлігі болған. Күнделікті өмірде маңызды рөл атқарған дәстүрлі базарлар халықты тұрақты жұмыспен қамтып отырған табыс көзі еді. Алайда соңғы жылдары онлайн сауда қарқынды дамып келеді. Халық та ақырындап арзан заттарды жылдам алуға еті үйреніп барады. Салдарынан базарлардың табысы төмендеп, тығырыққа тірелуде.  Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде онлайн сауданың көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2022 жылы елдегі электронды сауда көлемі 1,2 триллион теңгеге жеткен. Сәйкесінше, бір жылда 25%-ға артқан. Цифрлы платформалар тұтынушыларға қолжетімді, ыңғайлы және бағасы жағынан арзанырақ тауарларды ұсынады. Салдарынан жастар мен орта жастағы азаматтар базар аралау дәстүрінен ақырындап алшақтап барады.

Цифрлық сауданың дамуына серпін беріп отырған логистика инфрақұрылымының күшеюі. Былтыр қойма аумақтары 1,55 миллион шаршы метрге жетіп, бір жылда 19,4%-ға өскен. Ресейлік Wildberries және Ozon маркетплейстері нарықты еркін жаулап алды. Олар елімізде жаңа логистикалық орталықтар ашып, жеткізу жылдамдығын жақсартуға қыруар қаржы құйып жатыр. Әрине, мұндай тәсіл базарлармен салыстырғанда оларға үлкен артықшылық береді. Өйткені дәстүрлі базарлар тек сол жерде ғана сауда жасауға мүмкіндік береді.

Ел халқының көпшілік бөлігін жастар құрайды. Олардың 70%-ы 18-34 жас аралығындағы интернетті белсенді қолданатын буын. Олар үшін онлайн сауда күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған. Ал дәстүрлі базарлар жастар үшін қолайсыз. Себебі тәртіпсіздік пен білімсіздік жоғары, цифрлық мүмкіндіктер жоқ, сауда қалай ұйымдасқаны түсініксіз. Соның салдарынан Алматыда базарлар саны азайып барады. 2000-жылдары саны 80-нен асатын базарлар бүгінде 40-қа дейін қысқарған.

Экономикалық жағынан да базарлардың маңызы әлсіреп барады. 2024 жылы Қазақстанда базарлардың бөлшек саудадағы үлесі 20%-ға дейін азайған. Қытай мен Түркиядан келетін арзанырақ тауарларды сататын маркетплейстер дәстүрлі сатушылардың табысын азайтып жатыр. Мысалы, 2024 жылы қарапайым киім-кешек секторы онлайн арқылы 566 миллион доллар табыс тапқан. Ал базардағы осы сегмент мүлде тоқтап қалды.

Сонымен қатар, базарлардың мәдени және әлеуметтік рөлі де өзгеріп келеді. Алматыдағы «Жасыл» базар 2023–2024 жылдары жаңғыртылды. Соның арқасында базарға келушілер саны 15%-ға артқан. Әрине, халық үшін тартымды әрі ыңғайлы инфрақұрылым базарлардың қайта жандануына мүмкіндік береді. Алайда көптеген базарлар әлі күнге дейін жаңартылмай, ескі қалпында жұмысын жалғастыруда. Тәртіпсіздік, сатушылардың білімсіздігі, санитарлық жағдайдың жоқтығынан қазіргі жастар барғысы келмейді.

Базарларды жаңарту оңай емес. Мысалы, Жасыл базарды жаңарту жұмыстарына 10 миллион доллардан аса қаражат кеткен. Мұндай қаражатты барлық аймақтар көтере алмайды. Сонымен қатар, саудагерлер жөндеу кезінде табыстан айырылып қаламыз деп қорқып, жаңартуға қарсы шығуы мүмкін. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан қолдау да жеткіліксіз. Базарларды жаңарту үшін салық жеңілдігі немесе қаржылай көмек әзірге жоқтың қасы.

Соған қарамастан, Қазақстанда базарлардың болашағы бар дейді сарапшылар. Олар заманға сай, түрлі қызмет көрсететін қоғамдық орынға айналып, мәдени және әлеуметтік рөлін сақтап қала алады. Сонымен бірге базарлар цифрлық платформалармен бірігіп, жаңа нарықтарға шығуына да мүмкіндік бар. 2024 жылғы статистикаға сүйенсек, елдегі базарлар 1,5 миллион адамды жұмыспен қамтыған екен. Бұл елдегі жалпы жұмыс күшінің 10%-ына тең. Сондықтан базарлар экономикалық жағынан әлі де маңызды. Бұл ретте ең бастысы базарлар жойыла ма, жоқ па деген сұрақ емес. Олар қазіргі цифрлық дәуірге бейімделіп, өз жаңа орындарын таба алады ма? Оны уақыт көрсетеді.

Барлық жаңалық