Өскеменде Наурыз мерекесінде той трамвайы таныстырылды, деп хабарлайды «ozgeris.info».
Жергілікті «yk.kz» сайтының мәліметінше, жөндеуден өткен жаңа дерлік трамвай рельс бойымен тоқтаусыз жүріп, тұрғындардың назарын аударған. Трамвай салоны гүлдермен безендіріліп, жанды музыка қосылған. Ал ақ көйлек киген келіншек терезеден өтіп бара жатқандарға күлімсіреп, қолын бұлғаған. Көшедегі адамдар күлімсіреп, жүздеріндегі таңғалысын жасырмаған.
Шынында да, қалада мұндай нәрсе бұрын-соңды болмаған. Дегенмен енді той үшін трамвайды жалға алу мүмкіндігі кез келген адамға қолжетімді.
Бұған дейін Алматыда бұл тәжірибе болған: арнайы жабдықталған вагонда қонақтардың ыңғайлы отыруына, дастархан жаюына жағдай жасалған.
«Бізбен кез келген адам іс-шараларды өткізе алады. Жолаушылар тасымалына кедергі келтірмеу үшін уақытты белгілейміз. Жалдау құны арзан. Тек электр энергиясы мен жүргізушінің жалақысын жабуымыз керек. Егер қызмет танымал болса, біз осы мақсаттар үшін арнайы автокөлікті ұйымдастыру нұсқаларын қарастырамыз. Дәстүрдің тамыр жайып, оны дамытатынымызға сенімдімін, – дейді «Көлік компаниясы» ЖШС директоры Михаил Чайка.
Вагонды жалға алу құны – 10 000 теңге. Қажетті дайындықтарды жүргізу үшін той немесе басқа да іс-шара туралы алдын ала 2-3 апта бұрын келісілуі керек.
ПІКІР ЖАЗУ