Франция президенті Эммануэль Макрон 15 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына заңмен шектеу қою туралы бастама көтерді. Бұл туралы бірнеше француз және халықаралық БАҚ хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Президенттің мәлімдемесіне Франциядағы орта мектептердің бірінде сейсенбі күні орын алған қайғылы оқиға — мұғалімнің көмекшісі пышақталып қаза тапқан жағдай себеп болды. Бұл оқиға қоғамда кең резонанс тудырып, кибербуллинг пен интернеттегі зорлық-зомбылық тақырыбын қайта көтерді.
Макронның айтуынша, интернеттегі зорлық-зомбылық пен агрессияны шектеу үшін балалардың әлеуметтік желіге қол жеткізу жасын нақты заңмен белгілеу қажет.
«Біз әлеуметтік желілерді пайдалануға жас шектеуін қоюымыз керек. 15 жасқа дейінгі балаларға мұндай платформаларға кіруге тыйым салу – қоғамды қорғау жолындағы маңызды қадам», – деді Франция басшысы.
Францияда әлеуметтік желі мен интернет қауіпсіздігіне қатысты заңнамалық реттеу соңғы жылдары белсенді талқыланып келеді. Президент ұсынған бастама енді Ұлттық Ассамблеяда қаралатын болады.