Жаңалықтар

Қазақстанда криптобиржалар заңдастырылады

Енді елімізде криптовалютамен заңды түрде саудаласуға болады. Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі цифрлы активтерді бақылауға бағытталған заң жобасын әзірледі. Құжат биыл шілдеде Сенаттың қарауына түседі, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Ұлттық банк  төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, тек 2024 жылы ел азаматтары 15 млрд долларды заңсыз криптооперациялар арқылы сыртқа шығарған. Жаңа заң қабылданса, мұндай мәмілелер ресми түрде жүргізіледі. Цифрлы активтердің үш түрі заңмен анықталады: ақшаға тірелген стейблкоин; қаржы құралдарын куәландыратын цифрлы активтер; дәстүрлі бағалы қағаздардың цифрлы баламасы. Олардың айналымын бақылау үшін инфрақұрылымдық ұйым қажет. Бұл міндетті Орталық депозитарий не Қор биржасы атқаруы мүмкін. Сонымен қатар криптовалюта айырбастау платформалары ашылады. Олар лицензия алып, Ұлттық банктің бақылауында жұмыс істейді. Қандай криптовалюталармен сауда жасауға болатынын да сол мекеме бекітеді. Реттеу саясаты халықаралық тәжірибеге сүйенеді. Оған БАӘ, Сингапур, Гонконг, Швейцария сияқты елдердің моделі негіз болады. ФАТФ, ХВҚ, IOSCO секілді ұйымдардың ұсыныстары да ескеріледі. Айта кетейік, 2025 жылдың басында елімізде бірнеше заңсыз криптоайырбастау нүктесі жабылған болатын. Олар арқылы миллиардтаған теңге айналымда жүрген.
Барлық жаңалық