Қазақстанда алаяқтық схемалары күн сайын белең алып барады. Бүгінде алаяқтықтың құрбандары өздері рәсімдемеген несиелерді төлеуге мәжбүр. Тіпті олар қатысы жоқ екенін банктерге дәлелдей алмай әлек. Ал банктер болса клиенттердің жеке деректеріне қол жеткізуден пайда тауып отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы 45 156 алаяқтық фактісі тіркелген. Оның 24 830-ы – интернет-қылмыс болса, 3 916 – жалған онлайн-несиелер. Осы жағдайға тап болған әр бір азамат өз атына бөтен біреу кредит алғанын біліп, не істейтінін білмей жүр.
Алаяқтардың келтірген шығыны — 41,6 млрд теңге. Оның 24,5 млрд-ы жеке тұлғалардың ақшасы. Олардың тек 5,3 млрд теңгесі ғана қайтарылған.
Адамдар өз жинақтарын алаяқтық схемаларға, жалған инвестицияларға, фишингтік сайттарға салып жоғалтып жатыр.
Бұл тек ресми мәліметтер. Шын мәнінде, алаяқтық фактілері бұдан да көп. Көптеген жәбірленушілер полицияға шағымданбайды, өйткені ақшаны қайтару мүмкін емес деп ойлайды.
Алаяқтардың тұзағына түскендердің жалпы саны — 47 261 адам.
Оның ішінде, 2 339 зейнеткер. Мысалы, жылдар бойы несие алмаған адамдар аяқ астынан бірнеше миллион теңге қарыз «өтеу керек» екенін білген.
Зардап шеккендердің арасында 26 962 әйел. Алаяқтар көбінесе әйелдерді өз қармағына түсіруге тырысады, себебі нәзік жандарды психологиялық қысым жасау арқылы алдауға болатынын жақсы біледі.
Студенттер мен 18-20 жас аралығындағы жастардың саны – 1999. Оларға «жеңіл ақша» ұсынып, схемаларға тартады, осылайша олар әрі құрбан, әрі білместен қылмысқа қатысушы болып шығады.
«Бұл сандар тек статистика емес. Бұл өмірлік трагедия. Қаншама адамдар ақшасынан айырылып,несие тарихын құртып, тіпті денсаулығына кері әсер беріп жатыр. Зардап шегушілер өз кінәсіздігін дәлелдеуге тырысса да, нәтижеге қол жеткізе алмай келеді», — дейді мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров.
Алаяқтар қалай ақша ұрлап, бөтен адамдарға несие рәсімдейді?
- Жалған инвестициялар – жоғары табысқа уәде беріп, ақшасын алып жоғалып кетеді;
- Фишингтік сайттар – банктер мен интернет-дүкендердің көшірмелері арқылы жеке деректерді ұрлайды;
- “Банк” атынан қоңыраулар – SMS-кодтарды алдап алып, адамның атына несие рәсімдейді;
- Жалған интернет-дүкендер – төлемді қабылдайды, бірақ тауарды жібермейді;
- Жалған хабарландырулар – алдын ала төлем сұрап, із-түзсіз жоғалады;
- Криптовалюта схемалары – инвестиция деп сендіріп, ақшаны қолды қылады;
- Жалған лотереялар – “ұтысты” алу үшін салық төлеуді сұрайды, бірақ шындығында ешқандай ұтыс жоқ.
- Жалған қайырымдылық жинақтары – ақша шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға жетпейді.
Бұрын банктер мен сот бұл жағдайдарға немқұрайлы қарайтын. Енді жағдай өзгереді дейді мәжілісмен. Қазір мәжілісте қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасы қаралуда. Әрбір жұмыс тобы алаяқтарға жол ашып отырған олқылықтарды жоятын түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Заң жобасы қабылданса, не өзгереді?
Мәжілісте қаралып жатқан бастамалар қарыз алушыларды қорғау тәсілін түбегейлі өзгертеді:
Біріншіден, биометриясыз берілген кредит автоматты түрде жарамсыз деп танылады. Яғни тек ЖСН немесе телефон нөмірін білу арқылы ешкім сіздің атыңызға несие рәсімдей алмайды.
Екіншіден, құқық қорғау органдары тергеу бастаған кезде банк қарызды өндіріп алуды тоқтатуға міндетті. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, тергеу аяқталғанша ақшаны шешіп алу немесе есептен шығару жүзеге аспайды.
Үшіншіден, коллекторларға қарыздарды беруге шектеу енгізіледі. Банктер қарызды кешіктіру басталғаннан кейін 24 ай ішінде жеке тұлғалардың проблемалық несиелерін коллекторлық агенттіктерге өткізе алмайды. Бұл қарыз алушыларды артық қысымнан қорғайды.
Төртіншіден, 1414 арқылы кредиттік операциялар туралы хабарлама жіберіледі. Кредиттік бюро енді кез келген кредиттік өтінімдер мен несие тарихындағы өзгерістер туралы SMS-хабарлама жібере алады. Бұл адамдарға алаяқтық әрекеттерді жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
«Бұл түзетулер халықтың мүддесіне жұмыс істейді деп сенемін. Аталмыш өзгерістер бұрыннан қабылдануы керек еді», — дейді мәжілісмен.
Азаматтарға кеңес
- eGov және кредиттік бюро арқылы деректеріңізді тексеріңіз. Мүмкін, сіздің атыңызға білмейтін несие рәсімделген шығар.
- Карта деректерін немесе SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз. Тіпті сізге «банк қызметкері» қоңырау шалса да.
- Егер сіз алмаған несие үшін коллекторлар хабарласса, дереу банкке және полицияға арыз жазыңыз. Жаңа заң қабылданғаннан кейін, оны жарамсыз деп тану мүмкіндігіңіз артады.
ПІКІР ЖАЗУ