Шымкентте жеке дәріханалар жанында жұмыс істейтін екпе кабинеттерінде бірден бірнеше адам қайтыс болды. Мәліметке сәйкес, оларға қажет медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеген. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, кабинет қызметкерлері жедел әрекет етіп, алғашқы көмек көрсете алмаған. Соның салдарынан науқастар тікелей процедуралық бөлмелерде қайтыс болған.
Осы оқиғадан кейін Шымкент қаласының медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті құқық қорғау органдарымен бірлесіп жоспардан тыс тексерістер жүргізді. Инспекторлар дәріханалар жанындағы бірқатар процедуралық кабинеттерді тексерді. Нәтижесінде 12 кабинеттің жұмысы уақытша тоқтатылды. Барлығы 13 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, 14 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар иелеріне қызметті заң талаптарына сәйкестендіру міндеттелді.
Қандай заңбұзушылықтар анықталды?
Тексеру барысында басқа да бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, дәріханаларда психотроптық препараттарды заңсыз сатудың 25 дерегі тіркелген. Сонымен қатар есірткіге тәуелді болып, ем қабылдаудан жалтарған 10 қала тұрғыны жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, тіс емдеуге зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша шағымдарға байланысты 34 стоматологиялық клиника тексерілді. Нәтижесінде кейбір клиникалардың лицензиясыз жұмыс істегені, ал қызметті тиісті сертификаты жоқ мамандар көрсеткені анықталды.
Жалпы тексеріс қорытындысы бойынша 331 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдардың жалпы сомасы 41 миллион теңгеден асты.