Жаңалықтар

Қазақстан арзан бензинді елдердің қатарында жоқ

Мұнай қоры мол еліміз бензин бағасы мен сатып алу мүмкіндігі бойынша әлемдік рейтингте алғашқы отыздыққа да кірмеді. Numbeo деректеріне сүйенсек, елімізде орташа жалақыға небәрі 1,1 мың литр бензин сатып алуға болады. Бұл көрсеткіш Қазақстанды 124 елдің ішінде 36-орынға орналастырып отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Рейтинг көшін Ливия, Кувейт пен Катар бастаған. Мысалы, Ливияда орташа жалақыға 10 мың литрден астам бензин алуға болады. Ал АҚШ төртінші орында. Жалпы, үздік ондықты мұнайға бай араб елдері жайлап алған. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан Ресейден кейін (34-орын) екінші тұр. Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілеріміз бізден кейінгі орындарға жайғасқан. Әлемдегі ең қымбат бензин Гонконгте – 1 литрі 3,1 доллар. Ал ең арзаны Ливияда – небәрі 0,03 доллар. Қазақстанда бензин бағасы 0,5 доллар шамасында. Бірақ бұл баға ел тұрғындарының табысына шаққанда қымбат болып есептеледі. Қызығы сол, Қазақстан жыл сайын миллиондаған тонна мұнай экспорттай отырып, өз ішінде жанармай тапшы елге айналып келеді. Биыл Ресейден 1,5 млн тонна мұнай өнімін сатып алу жоспарланған. Ақпан айында үкімет бензин бағасы Ресей деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін екенін ашық айтты. Сәуір айында Мәжіліс депутаттары дабыл қағып, Қазақстанның мұнайлы мемлекет бола тұра жанармайға жарымайтынын сынға алды. Олар жанармай тапшылығын шешудің жолы жеке мұнай өңдеу зауыттарын салу деп отыр.
Барлық жаңалық