Белгілі заңгер Ержан Есімханның Instagram желісіндегі жазбасы қоғамда қызу талқы тудырды. Ол шетелдік контент жасаушы туралы пікірімен бөлісіп жатып, қазақ тілінде сөйлеуді талап ететін халыққа қатысты "қазақшасөйлешник" деген сөзді қолданған. Бұл сөз әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын тудырып, біраз сын айтылды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Көпшілік бұл сөзді қазақ тілін менсінбеушілік деп қабылдады. Желідегілердің пікірінше, қоғамда мемлекеттік тілді дамыту маңызды болып тұрған тұста, мұндай сөздерді әзіл ретінде айту — орынсыз.
Даудың өршуіне байланысты Ержан Есімхан түсініктеме беріп, бұл сөзді нақты бір топты емес, мемлекеттік тілді дөрекі түрде насихаттайтын адамдарды меңзеп айтқанын жеткізді.
"Бірінші. Сөз сәтсіз шыққан болуы мүмкін. Бірақ мен нақты не айтқым келгенін түсіндіре кетейін: адамды туған тілін үйренуге сабырмен, сыпайы түрде шақыруға болады. Ал кейбіреулер “Қазақша сөйле!” деп ұрсып, қорқытып, басқаларды келемеждейді. Мен соларды айттым", – деді ол.
Сондай-ақ, заңгер өзінің қазақша сөйлей алмайтынын жасырмай, қазір тілді үйреніп жүргенін айтты. Репетитордың көмегімен аптасына екі рет сабақ алатынын, қазақша фильмдер көріп, кітаптар оқуға тырысатынын мәлімдеді.
"Маған тіл тигізіп жатқан адамдардан бір-ақ нәрсе сұраймын: сіздер қазақ тілін бала кезден білесіздер ме, әлде мен секілді ересек жаста үйреніп жүрсіздер ме? Егер бала кезден білсеңіздер – бұл сіздің жетістігіңіз емес. Ал мен секілді кейін үйреніп жүргендер болса – ондай адамды сынаудың орнына, қолдау көрсету керек", – дейді Есімхан.
Сөз соңында заңгер өзіне патриот еместігін айтып айып тағушыларға жауап берді. Ол Қазақстанда 21 жыл жұмыс істеп келе жатқанын, қайырымдылықпен айналысқанын, Англияда қалып қою мүмкіндігі бола тұра елге оралғанын айтты.
"Мен бұл елде өмір сүріп жатырмын. Балаларым өсіп келеді, олар қазақша еркін сөйлейді. Ал мен өзім тілімізді енді үйреніп жүрмін. Қоғамда шын мәнінде маңызды тақырыптарды көтеріп жүрген адамдардың бірі ретінде, болмашы сөз үшін мені жау көріп, шабуылдаудың қажеті жоқ", – деді ол.