Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатта теңгерімділік, прагматизм және бейтараптық қағидасын ұстанып, елдік мүддені бәрінен жоғары қояды. Бұл тек отандық емес, халықаралық сарапшылардың пікірі. Олардың айтуынша, ел басшысының дипломатиялық тәжірибесі қазіргі Қазақстанның сыртқы саяси бағытына оң ықпал етіп отыр. Бұл ретте
ozgeris.info тілшісі Президенттің сыртқы саясаттағы ұстанымы мен халықаралық аренадағы көшбасшылығы туралы саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев пен мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының пікірін сұрап білді.
Тоқаев кәсіби дипломатиялық тәжірибесі бар, әлемдегі көшбасшы елдерінің басшыларымен бір деңгейде пікірлесе алатын дипломат. Оған бірнеше тілді білетінін және халықаралық құқық саласында терең білімі бар мәмлегер екенін қосу керек.
«Әрине, біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясатты жүргізудегі шешімі мен бастамалары туралы тікелей баға бере алмаймыз. Дегенмен, Мемлекет басшысының ұстанымына қарай ой айтуға болады. Тоқаев сыртқы саясатта теңгерімділік, прагматизм және бейтараптық қағидасын ұстанып, елдік мүддені бәрінен жоғары қоятынын көріп жүрміз. Ол көпвекторлы саясатты жалғастырып, Қазақстанның АҚШ, Ресей, Қытай, ЕО елдері және мұсылман әлемімен де тең дәрежеде, өзара тиімді байланыстар орнатуына басымдық беріп отыр», - деп пікір білдірді мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.
Тоқаев Қазақстанның бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікке үлес қосатын, ядролық қарудан бас тартқан, қарусыздандыруға қолдау білдіретін ел ретінде ұстанымын одан әрі нығайтты. Ол БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі) аясында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Президент бірнеше рет: «Біздің сыртқы саясат – теңгерімді, көпбағытты және сындарлы болады» деп атап өтті. Ол Батыс пен Шығыс арасында қақтығыс тудырмай, екі тараппен де өзара тиімді байланыс орнатуға тырысады. Яғни, Қазақстанның геосаяси жағдайы мен тарихи-мәдени тамырларын ескерген шынайы реалистік саясат деп айтуға негіз бар дейді саясаттанушылар.
«Көптеген халықаралық және отандық сарапшылар президенттің жеке қабілетіне келгенде оны дипломат ретінде біледі. Кейбір оппозициялық басылымдар кейде Тоқаевты сырты істер министрі ретінде көп көретінін айтып сынап жатады. Десе де, мойындайтын факт, Тоқаев Орта Азия елдерінде бірден бір кәсіби дипломат басшы деп ойлаймын. Сондықтан оның ұстанымы, жалпы көзқарасы Қазақстанның соңғы 30 жылда қалыптасқан саяси конъюнктурасымен дәлме-дәл келеді. Себебі 1992 жылдан бастап біздің елімізде көпвекторлы сыртқы саясат деп аталатын саясаттың қалыптасуының басында Тоқаев жүрді. Ол кезде сыртқы істер министрлігінде жүрді, кейін екінші президент болды. Сондықтан Тоқаевтың сыртқы саясаттағы бастамалары Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бастап қалыптасқан бағытымен өте ұқсас және бағыттас деп ойлаймын», - деді бізге берген сұқбатында саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев.
Тоқаевтың саяси философиясы - реформалар арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу. Ол “Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет” қағидасына сүйене отырып, саяси жүйеде тепе-теңдік орнатуға тырысады. Сыртқы саясатта ол бейтараптық, егемендік, экономикалық прагматизм және жаһандық ынтымақтастық ұстанымдарын қолдайды. Ол геосаяси қақтығыстардан алыс болуға тырысып, Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш ұлт ретінде танылуын қалайды.
Ел басшысының сыртқы саясаты мен стратегиялық көрегендігі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып отыр деген пікірде мамандар. Оның көпвекторлы және бейбіт бағыты елді жаһандық дағдарыстар кезінде де қауіпсіз аймақ ретінде сақтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қазақстан сенімді, тұрақты және жауапты халықаралық серіктеске айналды.
Сонымен қатар Қазақстан санкциялық қысымдардан аман өту үшін ЕО, АҚШ және Қытаймен экономикалық байланыстарды сақтау арқылы ұлттық мүддені бірінші орынға қойып отыр.
«Бізде соңғы болып жатқан геосаяси өзгерістер туралы Қазақстанның ұстанымын көп тарап сұрап жатады. Сол кездегі Тоқаевтың бірден-бір ұстанымы: Қазақстан БҰҰ-ның жарлығын толық қолдайды және кез келген қақтығыс БҰҰ жарлығының аясында шешілуі керек дегенді көп айтады. Менің ойымша бұл Қазақстанның дипломатиялық-стратегиялық түпқазығы ретінде халықаралық нормаларды алып жатқанын көрсетеді. Десе де, Қазақстан үшін осындай халықаралық ұйымдардың ұстанымын ұстану еліміздің егемендігіне, оның суверенділегін сақтауына, халықаралық нормалардың басымдық беруіне жасалған қадам деп ойлаймын», - дейді Нұрболат Нышанбаев.
Қазақстан Орталық Азияда ірі экономика мен саяси салмаққа ие ел. Еліміз трансшекаралық су ресурстарын басқаруда бастамашы. Түркі мемлекеттері ұйымы мен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінде интеграцияны алға жылжытып келеді. Логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтіп жатыр. Оған мысал ретінде Транскаспий халықаралық дәлізі — ТМД мен Еуропа арасындағы баламалы бағытын атап өтсек болады.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономика және саяси тұрақтылықтың тірегі. Президент өңірлік интеграцияға маңыз беретінін көріп отырмыз. Оған Орта Азия мемлекеттері басшыларының саммиті тұрақты өтуі дәлел болады. Бүгінде су ресурсын әділ пайдалану, көлік-логистикалық жобалар мен энергетика саласындағы әріптестік жолға қойылуда. Түркі мемлекеттері ұйымы арқылы түркі интеграциясы дамып келеді. Интеграциялық үдерістердің бас-қасында біздің Президенттің жүргені қуантады. Қазір елімізге араб елдерінен көптеп инвестиция тартыла бастады. Мұндай бастамашыл істерде Президенттің рөлі зор. Орта Азия шығыс пен батыстың арасын жалғайтын маңызды аймақ. Осының әлеуетін пайдалануда көрші елдермен ортақ шешімдер шығару маңызды. Президент осындай көзқарасын білдіріп, әріптестерін ортақ іске ұйытып жүр», - деп пікір білдірді бізге берген сұқбатында Жарқынбек Амантайұлы.
Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қарусыздандыру, климат өзгерісімен күрес, Орталық Азиядағы су ресурстарын тиімді пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігі бойынша бастамаларын белсенді түрде қолдап отыр. 2023 жылы Алматыда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша өңірлік хабы ашылды. Аталмыш оқиға Қазақстанның аймақтағы маңызды серіктес ретіндегі беделін арттырды.
Ал 2024 жылы Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық етті. Астанада өткен саммитте өңірлік қауіпсіздік, логистика, азық-түлік қауіпсіздігі, цифрлық трансформация мен мәдени ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Тоқаев ШЫҰ-ны “сенім, диалог, бейбіт қатар өмір сүру алаңы” деп сипаттайды.
«Президент көп жағдайда бейтарап позицияны ұстанады. Бірақ, біз ескеруіміз керек, Қазақстан әрқашан БҰҰ жарлығы мен шешімін қолдайды. Алайда, БҰҰ туралы сын да жетерлік. Оны Президент те жасырмайды. Жалпы БҰҰ-на үлкен бір саяси ықпал керек. Мұны Тоқаев та қолдап жүр. Сондықтан бұл тек Қазақстан емес, біздің ел сияқты Жаңа Зеландия, Аустралия, Біріккен Араб Әмірлігі, Канада сынды орта держава елдерінің барлығына ортақ ұстаным», - деп пікір білдірді саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев.
Қазақстан Орталық Азияны тұрақты, дамушы, өзара байланысқан өңірге айналдыруды мақсат етеді. Еліміз үшін азық-түлік қауіпсіздігі, жасыл энергетика, климаттық өзгерістермен күрес, көлік-логистика жүйесін цифрландыру басым бағыттар болып саналады.