Қайғылы монумент: Атырауда бүлдіршіннің өліміне байланысты сот ісі жүріп жатыр

фото: Almaty.tv

Атырауда қыз баланың қазасына байланысты істің басты назарында тек бір ғана кәсіпкер тұр, ал сол кездегі қала әкіміне қатысты жауапкершілік мәселесі әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр, деп хабарлайды ozgeris.info  сайты Ақ Жайық порталына сілтеп.

2023 жылғы 25 маусымда Атыраудағы Жеңіс саябағында орнатылған бюсттердің бірінің құлауы салдарынан 7 жасар қыз қаза тапқан еді. Оның інісі мен әкесі де ауыр жарақат алды. Қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Сол оқиғадан кейін саябақтағы барлық 14 бюсттің жағдайы тексеріліп, олардың техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылды. Бұрын бұл ескерткіштердің ешбір балансқа алынбағаны да анықталды. Тек трагедиядан соң олар қалпына келтіріліп, коммуналдық меншікке берілді.

Бұл бюсттер 2020 жылы демеушілер есебінен орнатылған. Алайда сол кездегі Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев пен оның орынбасары Ұлықбек Тінәлиевтің бюсттерді орнату жөніндегі шешімдері заң талаптарына қайшы болғаны туралы мәліметтер айтылып жатыр. Адвокат Айбар Қосымбаевтың айтуынша, жоба-сметалық құжаттама жасалмаған, тендер өткізілмеген, мердігерге қаражат ауызша және жазбаша нұсқаулар арқылы бөлінген.

Егер заң талаптары толық орындалғанда, бұл трагедияның алдын алуға болар еді, — дейді адвокат. — Бірақ прокуратура мен полиция Оразбаев пен Тінәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабы («Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша іс қозғаудан бас тартты. Бұл – адам өмірінің қадірі жоқ деген сөз.

Қыздың әкесі Айдос Садыров та шын кінәлілердің жауапкершіліктен жалтарғанын айтады:

Біз бірнеше рет прокуратураға, полицияға жүгіндік. Бірақ бізді ешкім тыңдаған жоқ. Бар кінәні тек бір кәсіпкерге артып қойды. Ал шын мәнінде, сол кездегі әкім мен оның орынбасары бұйрық берген.

Қызының қазасынан соң жүрек ауруына шалдыққанын айтқан әке, сол күні ұлын мүгедекке айналдырған жарақаттан кейін отбасында ауыр психологиялық соққы болғанын жеткізді.

2024 жылғы 25 желтоқсанда Атырау қалалық №2 соты Қайрат Оразбаевты Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлімі, 3-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Ол үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді және мемлекеттік наградаларынан, соның ішінде «Құрмет» орденінен айырылды. Алайда, бұл үкім қайғылы оқиғаға тікелей қатысы бар іс аясында емес, басқа жағдай бойынша шығарылған.

Осыған қарамастан, қыздың отбасы мен олардың адвокаты Оразбаев пен Тінәлиевтің дәл осы оқиға бойынша да жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Алайда, құқық қорғау органдары бұл талаптарды назардан тыс қалдырып, істі тек бір ғана кәсіпкерге қатысты аяқтап, сотқа жолдаған.

Қазіргі уақытта прокуратураға жолданған ресми сауалдың жауабы күтіліп отыр. Жауап беру мерзімі 6 мамырда аяқталады.