Петропавлда былтыр ғана берілген үй тұрғындары екі күннің бірінде сусыз, жарықсыз отыр

Елдің солтүстігінде былтыр пайдалануға берілген көпқабатты үйлерге коммуналдық желілер толық жүргізілмеген. Соның салдарынан тұрғындар жағымсыз иіске тұншығып, екі күннің бірінде сусыз, жарықсыз отыр. Ал мердігер компания жұмыстардың асығыс жүргізілгенін айтып ақталды, деп хабарлайды 31-арнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы.

«Бүкіл жаман су үйдің астына қарай ағады. Енді оны өзіміз ай сайын тазалатып тұруға мәжбүрміз. Бұл дұрыс па? Үйді тапсырған соң бәрін соңына дейін аяқтау керек қой. Сондай-ақ, аптап ыстықта халық апталап сусыз отырады. Жарық та жиі өшеді», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Юрий Командриков.

Тұрғындар шағымын әлеуметтік желіге жариялап, жергілікті билікке жазбаша хат та жазған. Олардың айтуынша, шенеуніктер еш шара қолданбаған.

«Осы маңайдағы 4 үйдің тұрғындары қиналып отыр. Аулада абаттандыру соңына дейін аяқталмаған. Ойын алаңының жағдайы мүшкіл. Жарық сөне беретіндіктен техникамыз да күйеді. Ал бірнеше күн су болмаса аптап ыстықта қиналамыз», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Ольга Демидова.

Мердігер компания үйлер былтыр асығыс берілгендіктен, олқылықтардың көп екенін айтады.

«Үйдің жұмыстарын бітіру үшін ауланы да толықтай бітіру қажет. Аула соңына дейін жөнделмей тұрғындарды ішке кіргізді. Әкімдік үйлерді беріп қойған соң, тұрғындар кіріп жатқанда біз жұмыс істеп жаттық. Біз жұмысты аяқтағанша күтпеді», – деді «Энерджи Тараз» ЖШС бас инженері Серік Бектұрғанов.

Ал шенеуніктер мердігерге бір ай уақыт бердік деп отыр. Халықтың талап-тілегі ескеріліп, тамыз айына дейін кәріз желісі де жөнделеді деп сендірді.