Алматы таулары қазақ еліне үздіксіз табыс әкелмек. Қазақстан Көкжайлаудан бастап Ой-Қарағайға дейін кластерлі тау демалысы индустриясын қалыптастырмақ. Инвесторлар дайын. Үкімет те мәселені аяғына дейін жеткізуге ықтиярлығын білдірді. Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжаев пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
Бүгінгі таңда туризм және саяхат секторының әлемдік экономикадағы үлесі 10%-дан асады. Ақшалай түрде бұл 11 триллион доллардан жоғары. Сондай-ақ 300 миллионнан астам адам туризм секторында жұмыс істейді.
Әлемдік сарапшылар Алматының таулары әлемдегі ең үздік таулардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан таяу жылдары үкімет әлемдік деңгейдегі биік таулы демалыс орнын салу шараларын қолға алуды көздеп отыр.
Қазір жоспарлар таныстырылды. Кешенді жоспарда Алматы тау кластерін шығыстан батысқа қарай Талғардан бастап Қаскелеңге дейін дамыту көзделген.
Жалпы, бұл таулардың әлеуеті бізге 700 шақырымға дейін шаңғы трассаларын салуға мүмкіндік береді. Мемлекет инфрақұрылымды: көлік инфрақұрылымын, жолдар, коммуникациялар, тау шаңғысы инфрақұрылымын салу бойынша шығындарды өз мойнына алады. Сонда дайын инфрақұрылымға бизнес пен инвестиция міндетті түрде келеді.
Мамандардың айтуынша, тау инфрақұрылымына салынған 1 доллар курорттық инфрақұрылымға 2 доллар жеке инвестиция тартады.
«Бұл – экономикамызды әртараптандыруға зор мүмкіндік. Аталған жоба Алматы қаласы мен Алматы облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық ландшафтын түбегейлі өзгертеді", - деді, Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Қазірдің өзінде құрылысты жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар істі инфрақұрылымы барынша дамыған Орталық аймақтан бастаған жөн дейді. Орталық аймақ, өз кезегінде, қазір жұмыс істеп тұрған Oi-Qaragai демалыс аймағынан бастап, Пионер, Бутаковка, Қимасар шатқалы, Шымбұлақпен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Шымбұлақ дамудың екінші кезеңін бастайды. Осы жұмыс мұздықтарға жақынырақ көтеріліп, батысқа қарай Құмбел шыңы мен Көкжайлау шатқалына дейін жетпек. Бұл өте ауқымды жоба.
Бүгінгі таңда туризм Алматының жалпы өңірлік өнімінің 3,9%-ын құрайды. 83 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 2024 жылы қала 2,3 миллионнан астам туристі қабылдады. Оның 680 мыңнан астамы шетелдіктер. Туризм секторы экономикасында да тұрақты өсім байқалады. Туристік қызмет көрсету көлемі 30%-ға, салық түсімдері екі есеге артты.
Қазақстан туризмге стратегиялық валюта көзі ретінде бәс тігуде. Тау шаңғысы турисі жағажайдағы демалушыға қарағанда жеті есе көп ақша жұмсайды. Мысалы, суға түсетін турист 350 доллар жұмсаса, Ski-pass билетінің әрбір доллары $15,5 жанама табыс әкеледі. Тау туризмі бюджетке ондаған миллиард теңге салық бере алады.
Еліміз үшін бұл ауыр өнеркәсіптің ұзақ циклдарынсыз әртараптандыру және сервистік экономикада мыңдаған жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі. Жоба 100% мемлекет тарапынан инфрақұрылымға салымдарды қайтару кепілдігімен жүзеге асырылады. Мұндай модель Австрияда сәттілік әкелді. Онда жеке капитал минималды тәуекелдермен пайда көрді.
Австриядағы табысты тау туризмі үлгісі ретінде көбіне Sölden курорты мысалға келтіріледі. Бұл модель Қазақстан үшін маңызды, өйткені онда мемлекет пен жеке бизнес арасындағы тиімді әріптестік механизмі іске асқан.
Sölden үлгісінің негізі:
- Мемлекет инфрақұрылымды салады
Австрия үкіметі тау инфрақұрылымының негізгі бөлігін, яғни жолдар, су, электр, байланыс желілері, көлік қатынасы, лифттерге дейін өзі қаржыландырады.
- Жеке сектор курорттарды дамытады
Мемлекеттік инфрақұрылым дайын болған соң, жеке инвесторлар минималды тәуекелмен қонақ үйлер, мейрамханалар, қызмет көрсету нысандарын салып, бизнесті жолға қояды. Туризмнің өсімі табысты арттырады және бұл инвесторларға тұрақты пайда түсіреді.
- Тікелей және жанама пайда
Мысалы, шаңғы билетінен (ski-pass) түскен әр 1 доллар жанама түрде $15,5 пайда әкеледі. Яғни көлік, тамақ, қонақүй, гид қызметі, жабдық жалдау, салықтар және басқа да байланысты қызметтер көрсетіледі.
- Жұмыс орындары мен салық
Туризм ондаған мың адамға жұмыс береді. Жергілікті тұрғындар үшін бұл ауыр өндіріссіз-ақ тұрақты табыс көзі. Мемлекетке түсетін салықтар да жоғары.
- Маусымдық тепе-теңдік
Sölden сияқты курорттар тек қыста ғана емес, жазда да альпинизм, велоспорт, жаяу серуен және табиғат туризмі арқылы табыс табады.
«Қазақстан да дәл осындай жолмен таулы аймақтарда туризмді дамытуға кірісті. Үкімет инфрақұрылымға қаражат салып, жеке секторды тартпақ. Ендеше, жаңа мұнай құтты болсын», -деп сүйіншіледі Айбар Олжаев.