Мойымағандар әлемі

Бүгінгі күні елімізде көз жанары көрмейтін, құлағы естімейтін, арбаға таңылған жандардың жағдайы — көпті алаңдататын мәселе. Қазіргідей нарық заманында он екі мүшесі сау адамның тұрақты жұмыс таба алмай, өз кәсібін ашуға барын салып жүрген уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі, тіпті, өзекті. Өмір тауқыметін тартып, десе де қиындыққа мойымаған жандар қазіргі қоғамда өз орнын тауып жүр ме? Міне, биыл осы мәселені қолға алған жанашыр азамат,  Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі Арнұр Ысқақов үлкен бастама көтеріп, нәтижесінде қамкөңіл жандарға арналған «Қанаттылар» инклюзивті театрын құрды.

Айта кету керек, бұған дейін Мемлекет басшысы қоғамда инклюзивті кедергілерді болдырмай, инфрақұрылымдық қолжетілімдікті қолға алуды басты назарда ұстау керектігін айтқан болатын. Осыны ескерген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қолдау танытып, нәтижесінде «Жастар театры» жанынан «Қанаттылар» инклюзивті театры ашылды.

Аталмыш театр жанарына мөлдір мұң жасырынған ерекше жандардың арманына қанат бітіріп, тасада жатқан талантына жол ашты. Театр жетекшісі әрі Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі Арнұр Ысқақов таланттыларды іріктеп, өнерге талпынысы бар жандарды жан-жақтан арнайы шақыртыпты. Бүгінде өнер ордасында 21 актер жұмыс істейді. Оның он бірі құлағының мүкістігі бар жандар болса, үшеуі — зағип, қалғаны арбаға таңылғандар.

Осылайша театр ұзақ дайындықтан кейін жуырда, 15 қазанда, ақын Гүлнар Салықбайдың «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылымымен  театрдың шымылдығын ашты. Қойылымның дайындығына алты ай уақыт кеткен. Басқа театрға қарағанда, бұл театрдың жұмысы екі есе қиындық туғызады.

«Театр –әр түрлі топтағы ерекше жандардан құралғандықтан, әр қайсысына сай етіп сценарий жазу өте қиын. Дайындық та ұзақ жүреді. Біріншіден олар профессионалды актер емес, екіншіден бір көрсеткен дүниеңді келесі күні өзгерту үшін ұзақ уақытты талап етеді. Бұл жандарға дауыс көтере алмайсың. Жаны нәзік, аурасы, эмоциясы бөлек.», — дейді режиссер, қазақ мәдениетінің қайраткері Нұрфат Вахитов.

Қиындықтарға қарамастан өнерпаздар барынша талантын қалың жұртшылыққа паш етті. «Өмірден өз орнымызды тапсақ» деп келген олар енді көрерменнің көзайымына айналған танымал актер, өнер иелері болуды армандайды.

«Театрдың ашылуы біз секілді жандардың өмірге деген көзқарасын, пікірін өзгертіп, құлшынысыңды оятты. Өнер жолына үлес қосқысы келіп жүрген ерекше жандарға үлкен мүмкіндік болды. Қазір жұмыс істегісі келген кез-келген топтағы жандарға жұмыс табылады. Мүмкіндік жасалып жатыр», — деп,қуанышын жеткізді театр  мүшелерінің бірі Жүзбай Серік.

Жүзбай Серік 2009 жылы Агротехникалық университетін тәмамдап, инженер болып қызмет істеп жүрген шағында бір көзі сыр беріп, сәтсіз жасалған отадан кейін көзі көрмей қалған. 2014 жылы екінші көзіне де ота жасалады. Сөйтіп, сегіз жыл аурухананың табалдырығын тоздырған Жүзбай Серік қос жанарының көру қабілетінен айырылады. Осындай жағдайға түсуін кейіпкер дәрігерлердің салғырттығынан деп санайды. I-топтағы мүгедек атанған қайсар жанды басына түскен Жаратқанның сынағы мойытпай, керісінше қайрай түскен. Ол 2010 жылы «Мирас-А» қайырымдылық қорын ашып, 2018 жылы «Бір мүмкіндік» жобасын құрды. Өнерге деген құлшынысы оянып, қайырымдылық мақсатында күні бүгінге дейін концерттік бағдарламалар өткізіп, түрлі іс-шара ұйымдастырады. Өлең шығарып, сценарий мен пъеса жазатын қабілеті де бар. Өмірдің кішкентай сынағын көтере алмай, проблеманың шешуін шөлмектен іздейтіндер қаншама?! Басына ауыр қиындық түссе де ерік-жігері мұқалмаған біздің кейіпкер – киелі сахнада өнер көрсетіп, актер болсам деп армандаған. Жасы 50-ден асса да, аялы арманынан үміт үзбеген ол енді, міне, «Қанаттылар» театрының актері атанды.

«Сахнаға шығу оңай емес. Сахнаның ар жағынан шыққаннан бастап басқан қадамыңды санап, сол ізбен кері қайтасың. Оның үстіне саған түсірілген жарық дегбіріңді қашырады.Көз алдымдағы бейнелерді ғана көретін мен, түрлі-түсті жарық түскенде мүлдем ештеңе көрмей абдырап қаламын. Бірақ жақсы ойнап шықтық деп ойлаймын. Қойылымнан кейін халық алғысын айтты. Сахнаға шығу кейбір он екі мүшесі сау адамның қолынан келе бермейді, халық алғыстарын жаудырғанда керемет сезімде болдым», — дейді зағип жан.

Жүзбай Серік сөз арасында мүмкіндігі шектеулі жандардың бірқатар мәселесіне де тоқталып өтті: «Қазіргі таңда мемлекет біз секілді ерекше жандарды жұмыспен қамтып жатыр. Бірі мемлекеттік қызметте істесе, бір бөлігі қолөнермен айналысып жүр. Бірақ шетелдегіндей Қазақстанда көшеде жүруге мүмкіндік жасалмаған. Бұл мәселені мен бірнеше рет көтерген болатынмын. Тіпті, өзім командаммен бірнеше киноны аудиодескрипцияға аудардық. Ең болмағанда, аялдамаларда қандай көлік келіп тоқтағанын айтып тұрса, бізге бұл үлкен көмек болар еді. Жұмысқа, театрға уақытында баратын едік».

Бұдан кейін актер болашақта жаңа қойылымға сценарий жазатынын айтып, театрдың алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Алдағы уақытта театр құрамын талантты жандармен толықтырып, сол таланттыларды Қазақ Ұлттық өнер университетінде «актерлік» мамандық бойынша кәсіби түрде оқытатын арнайы кафедра ашу жоспарланып отыр. Болашақта актер болғысы келетін кез -келген ерекше әрі талантты адамдар бізге келе алады», — дейді Жүзбай Серік.

Айта кету керек, қазір театр құрамына еніп, жаңа ортаға қосылғысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға қойылатын талап жоқ. Тек өнерге деген құлшынысы, махаббаты болса болғаны.

Қорыта айтсақ, біздің де «Қанаттылар» инклюзивті театрынан күтеріміз көп, сондай-ақ олардың өнерде өзгелерді басып озатынына сеніміміз мол. 

 

Айым АБДРАШИТ.