Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылғанда, халықтың үміт оты жанған еді. Енді кез келген адам сапалы ем алып, дәрігерге оңай қол жеткізеді деп сенді. Бірақ арада бірнеше жыл өтсе де, қарапайым халық «қайда барсаң да ақылы», «дәрі жоқ», «дәрігерге жету қиын» деген шағымды жиі айта бастады. Сонда біз ай сайын төлеп отырған жарналар қайда кетіп жатыр? Тегін дәрілердің тізімі неге қысқарды? Дәрігерлер неге жұмысын жиі ауыстырады? Осы сұрақтарға Ozgeris.info тілшісі жауап іздеп көрді.
МӘМС – жақсы идея, бірақ іске асыруда кемшілік көп
Сарапшылардың пікірінше, МӘМС жүйесі бастапқыда дұрыс ойластырылған. Идеясы қазақтың менталитетіне жақын дейді олар. Халық бір-біріне көмектесіп, ортақ қор құрып, қажет кезде сол қордан қаржыланып ем алу. Қазақтың «асар» дәстүріне ұқсас.
«Жетіспей тұрғаны ашықтық пен уақытында төлем жасалмауы. Дегенмен, МӘМС жүйесі керек. Қазақ халқы бір-біріне көмектесуді жақсы көреді, асар жасайды. МӘМС соған ұқсас. Мысалы, менің ұлыма анасының құрсағында жатқанда екі укол салу керек болды. Бір уколдың бағасы – 500 мың теңге. Өзім төлей алмайтын едім. Сол кезде МӘМС және басқа қорлар көмектесті. Ал біздің қоғамда көмекке зәру адамдар өте көп», - дейді тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының төрағасы Талғат Омаров.
МӘМС жарналары жалақының 2% құрайды. Бұл қаржыға скрининг, вакцинация, алдын алу шаралары сияқты қызметтер көрсетілуі керек. Алайда, көптеген тұрғындар бұл қызметтерге қол жеткізе алмай отырғанын айтады. Дәрігерлердің өзі осы медицинаға төленетін қаражаттың қайда, неге, қанша кетіп жатқанын білмейді. Себебі жүйеде ашықтық жоқ.
«Біз дәрігер ретінде бөлінген ақшаның қайда кеткенін өзіміз де білмейміз. Пациенттер әрдайым бізден сұрап, шағымданады. Ал бізде нақты жауап жоқ»,- дейді жалпы практика дәрігері Мадина Уахан.
МӘМС жарналарының мөлшері:
- Жұмыс берушілер – әр қызметкер үшін жалақы қорынан 3% мөлшерінде төлейді.
- Жұмыс істейтін азаматтар (жалдамалы қызметкерлер) – ай сайынғы жалпы жалақысының 2% көлемінде жарна аударады. (Жалақы – салықтар мен ұсталымдарға дейінгі сома)
- Жеке кәсіпкерлер (ЖК), жеке нотариустар, адвокаттар және т.б. – 5% жарнаны 1,4 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) есептеп төлейді.
- Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (Біріңғай жиынтық төлем – БЖТ) – қалаларда: 2 975 теңге/ай, ауылдарда - 1 488 теңге/ай. (Бұл соманың 40%-ы МӘМС-ке түседі: сәйкесінше 1 190 және 595 теңге.)
- Мемлекет – 15 жеңілдік санатындағы азаматтар үшін орташа жалақының 1,82% көлемінде жарна төлейді (балалар, зейнеткерлер, студенттер, көпбалалы аналар және т.б.)
Тағы бір өзекті мәселе. Тегін дәрілердің тізімі қысқарып жатыр. Қазақстанда 50-ден астам тегін дәрі тізімнен алынып тасталды. Халықаралық тәжірибе мен медициналық ұсынымдарға сүйене отырып, министрлік 32 ауру түрі мен 52 дәрілік препаратты тізімнен алып тастау туралы шешім қабылдады.
Министрліктің айтуынша, бұл дәрілердің ем нәтижесіне айтарлықтай әсері жоқ, кейбірі бір-бірін қайталайтын препараттар. Көпшілігі тек симптомды жеңілдетуге көмектеседі, ал аурудың нәтижесіне ықпал етпейді. Егер бұл дәрілер тізімде қала берсе, ауыр созылмалы аурулары бар науқастар шынымен қажет ем-домсыз қалу қаупі бар. Сонымен қатар, бұл дәрілерді сатып алудағы логистикалық шығындар олардың пайдасынан көп болған.
«Бұл көбіне қысқа мерзімді, жеңіл ауруларға қатысты. Мұндай аурулар мүгедектікке немесе өлімге алып келмейді, және көбіне өзі-ақ жазылып кетеді. Бұл шешім науқастар дәрісіз қалады деген сөз емес. Қажет болған жағдайда дәрілер республикалық қана емес, жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ емханалардың өз қаражатынан сатып алына алады, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сәрсенбаева.
Дәрігерлердің айтуынша, бұрын тегін дәрі алып, ауруын ұстап тұрған зейнеткерлер қазір зейнетақысының басым бөлігін дәріге жұмсауға мәжбүр. Көбі тіпті емін жалғастыра алмай отыр. Бұл жағдай ұзақ мерзімде аурулардың асқынуына, жаңа шағымдардың көбеюіне әкеледі.
«Мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Медицинаның сапасы алдымен дұрыс диагноз қойып, сосын науқасқа қажет дәрімен емдеуге байланысты. Ал мемлекет тегін дәрілер тізімінен біресе бірін, біресе екіншісін алып тастай берсе, ол науқастың өз қалтасына ауыр түседі. Мысалы, мемлекет бір дәріні алып тастап, 500 миллион теңге үнемдеді дейді. Бірақ олар бір жылда дәрі-дәрмекке 500 миллиард теңге жұмсап отыр. Сонда 500 миллион сол соманың жанында теңізге тамған тамшы сияқты ғана», - дейді тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының төрағасы Талғат Омаров.
«Әсіресе зейнеткерлерге қиын. Кейбірі зейнетақысының 70 пайызын дәріге жұмсап отырғанын бізге әкеліп көрсетеді. Бұл бүкіл халыққа ауыр. Себебі біз сол дәрілер арқылы аурудың өршуін тоқтатып отырған едік. Енді дәрілердің қолжетімсіздігінен шағымдар да көбейеді, ауру да артады», - дейді дәрігер Мәдина Уахан.
Мемлекеттік дәріханалар мен логистика да сын көтермейді. Жартылай мемлекеттік дәріханалар пайда болғанымен, халықаралық стандарттарға сай емес. Нәтижесінде дәрі уақытында келмейді, бағасы қымбат, халық қиналады. Ал бәсекелестік болса, бұл проблемалардың көбі өздігінен шешілер еді дейді маман.
«Шындығында, мемлекеттік дәріханалар мүлде болмауы керек. Бәсекелестік болғанда дәрі-дәрмек уақтылы келеді, қоймада тұрады, баға да тұрақталады. Қазір мемлекет бәрін өз мойнына алған. Жартылай мемлекеттік дәріханалар пайда болды, бірақ олар халықаралық стандарттарға сай емес. Салдарынан осындай жағдайлар туындап отыр», - дейді Талғат Омаров.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл шара қымбат және ұзақ уақыт емдеуді қажет ететін ауыр созылмалы ауруларға, жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, эндокриндік және басқа да ауруларға бөлінетін қаражатты көбейтуге мүмкіндік береді. Яғни үнемделген 500 миллион осыған бағытталмақ.
Дәрігерлердің жалақысы – ауыр шындық
Бүгінде Қазақстанда дәрігерлер 270-360 мың теңге аралығында жалақы алады. Бірақ шын мәнінде олардың қолына тиетіні небәрі 220-230 мың теңге.
«300 мың теңге ешкім алмайды. Ол жалған. Тек бірнеше жерде істеп, түнгі кезекшілікке шығып, демалыссыз жұмыс істейтіндер ғана 1 миллионға жуық табады», - дейді дәрігер.
Салыстыру үшін: Польшада – 900 мың теңге, Литва мен Чехияда – 1 миллион, Германияда – 2-3 миллион, ал АҚШ-та 4,5 миллион теңгеден жоғары. Сонымен қатар, бұл елдерде дәрігердің мәртебесі де жоғары, жүктемесі әділетті, жүйе ашық.
Қазақстанда жыл сайын 10 мыңнан астам дәрігерлер оқуын аяқтап шығады. Соған қарамстан елде кадр тапшылығы зор. Статистика бойынша, 4000-ға жуық маман жетіспейді. Сарапшының айтуынша, жалақы аз, ал қойылатын талаптар көп. Кәсіби қолдаудың жоқтығы мамандарды басқа салаға кетуге мәжбүрлейді.
«Себебі бізде медицинаға жалпы бөлінетін қаржы аз. ІЖӨ-нің 3 пайызы ғана. Еуропада – 7-10%, АҚШ-та – 14-16%. Сол себепті ол жақта дәрігердің мәртебесі де жоғары, бәсекелестік бар», - дейді Мәдина Уахан.
Маманның айтуынша, жалақы бірнеше бөліктен тұрады.
«Бекітілген жалақы мөлшері бар, санатына қарай қосымша бонустар да қарастырылған. Учаскелік дәрігерлерге жұмыс жоспарын орындаған жағдайда, ынталандыру төленеді», - дейді дәрігер.
Шаршаған дәрігер – шаршаған жүйенің белгісі
Көп дәрігер екі-үш жерде жұмыс істейді, демалмайды, отбасын көрмейді. Мұндай жағдайда қызмет сапасының төмендейтіні анық. Шаршаған, жұмысқа ынтасы жоқ дәрігерлердің саны артып барады дейді дәрігер. Олар көбінде жұмыс сапасын емес, қалай да болса жұмыс күнін өткізуге асығады. Әрине, зардап шегетін халық.
Жалақы тек қаржы емес, бұл маманға көрсетілетін құрмет. Қарапайым мұғалім де, полиция да, әскери де, дәрігер де өз кәсібіне сеніммен қарауы үшін әділетті еңбекақы қажет.
Сарапшылардың пікірінше, медицинаға көзқарас өзгермей, ешқандай нәтиже өзгермейді. Қазіргі жүйе дағдарыс алдында. МӘМС жүйесінің болашағы бар, бірақ ашықтық, әділеттілік, тиімді басқару болмай, бұл жүйе халықтың сенімінен толық айырылуы мүмкін. Егер мемлекет өз азаматтарының денсаулығын шынымен ойласа, алдымен дәрігерге жағдай жасау керек. Себебі адамның өмірін сақтап қалатын солар.