Жаңалықтар

Шегесіз қаланған шикілік пе? Алматыдағы Saxon Yard тұрғындарының баспанасы заңсыз болып шықты ма?

Шегесіз қаланған шикілік пе? Алматыдағы Saxon Yard тұрғындарының баспанасы заңсыз болып шықты ма?

Алматы қаласының «Нұр-Алатау» мөлтек ауданында орналасқан Saxon Yard тұрғын үй кешеніндегі ахуал ушығып тұр. Кешен тұрғыны Мағжан Бейімбетовтің айтуынша, сырты жылтыр баспананың ішкі мәселелері мен құқықтық негізі күмән тудырады. Тұрғындар бір жылға жуық уақыт бойы кешеннің қаптамасының үгітілуі, негізсіз жоғары тарифтер мен жер телімінің мәртебесіне қатысты түйткілдермен арпалысып келеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Ең басты мәселе — жердің мақсатты бағытында. Мәліметтерге сүйенсек, бұл көпқабатты үйлер жеке тұрғын үй құрылысына (ИЖС) арналған жер телімінде бой көтерген. Бұл жағдай шамамен 1000-ға жуық тұрғынның болашақта баспанасынан айырылуына немесе үйлердің заңсыз деп танылуына әкеп соғуы мүмкін. Тұрғындар «ГАСК пен әкімдік бұл заңсыздықты қалай өткізіп алды?» деген заңды сұрақ қойып отыр. Қазіргі таңда тұрғындарға техникалық паспорттың орнына тек кадастрлық құжаттар берілгені белгілі болды.

Құрылысқа жауапты «Дебо Строй» мекемесі мен оның басшылығына қатысты да күмәнді жайттар аз емес. Тұрғындардың сөзінше, застройщик қазіргі уақытта соттасып жатыр, соның салдарынан мекеменің шоттары бұғатталған. Бұл жағдай кешенді газбен қамту мәселесіне тікелей әсер етіп, тұрғындар төлемдерін уақытылы жасаса да, қарыз үшін көгілдір отыннан ажыратылған. Салдарынан қақаған суықта балалар мен қарттар ыстық сусыз және жылусыз қалып отыр.

Сонымен қатар, кешендегі коммуналдық төлемдер заңды тұлғаларға арналған тарифпен есептеледі, бұл қарапайым тұрғындардың қалтасына ауыр салмақ салуда. Тұрғындар Алматы қаласы мен Бостандық ауданының әкімдігіне, прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке бірнеше мәрте шағымданған. Олар Президент әкімшілігі мен құзырлы органдардан бұл «құрылыс пирамидасының» алдын алып, мыңдаған адамның тағдырын шешуді талап етеді.

Қазіргі таңда Saxon Yard тұрғындары өз беттерінше әрекет етіп, заңсыз салынған үйлердің мәртебесін өзгерту мен застройщиктің жауапкершілігін қарауды сұрауда. Бұл іс Алматы қаласындағы құрылыс саласындағы ашықтық пен бақылаудың қаншалықты деңгейде екенін көрсететін үлкен сынға айналып отыр.

Барлық жаңалық