Қазақстан халқының саны өсіп келе жатқанымен, кейінгі жылдары дүниеге келген сәбилер саны тұрақты түрде азайып отыр. 2021 жылғы рекордтық көрсеткіштен кейін туу қарқыны төрт жыл қатарынан төмендеді. Сарапшылар мұны демографиялық дағдарыс деп атауға әлі ерте екенін айтады. Алайда жастардың отбасын кеш құруы, алғашқы баланың дүниеге келу жасының ұлғаюы, қаржылық тұрақтылыққа ұмтылу және отбасы құрылымының өзгеруі елдегі туу динамикасына әсер етіп отыр.
Төрт жылда туған балалар саны 117 мыңға азайды
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда 329,6 мың сәби дүниеге келген. Бір жыл ішінде 133,2 мың адам қайтыс болып, халықтың табиғи өсімі 196,4 мың адамды құрады. Ең жоғары туу коэффициенті Түркістан облысында, Шымкент қаласында және Маңғыстау облысында тіркелген.
Салыстыру үшін, 2021 жылы елімізде шамамен 447 мың бала дүниеге келген. 2022 жылы бұл көрсеткіш 404 мыңға, 2023 жылы 388 мыңға, ал 2024 жылы 365,9 мыңға дейін төмендеді. Демек, 2021–2025 жылдар аралығында туған балалардың жылдық саны шамамен 117 мыңға немесе 26 пайызға азайған.
Бұл көрсеткіш халық саны азайып жатыр дегенді білдірмейді. Қазақстанда туғандар саны қайтыс болғандардан әлі де көп. Алайда табиғи өсім де баяулауда: 2024 жылы ол 233 мың адам болса, 2025 жылы 196,4 мыңға дейін төмендеген.
Пандемия кезіндегі «бэби-бум» тұрақты үрдіс болмаған
Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының жетекшісі Аяулым Сағынбаеваның пікірінше, туу деңгейінің төмендеуін бірден демографиялық дағдарыс деп бағалауға болмайды. Қалыптасқан үрдіс туралы айту үшін кемінде 5–10 жылдық деректерді бақылау қажет.
Сарапшы пандемия кезеңінде туу, өлім-жітім және көші-қон көрсеткіштері қалыпты траекториядан ауытқығанын атап өтті. Сол жылдардағы қысқа мерзімді «бэби-бумды» ұзақ мерзімді демографиялық үрдіс ретінде қабылдау дұрыс емес.
«Егер халықтың жалпы өсіміне тоқталсақ, кейінгі он жылдағы үрдіс шамамен бір деңгейде сақталып отыр. Қазақстан халқы жыл сайын орта есеппен 1,3 пайызға көбейеді. Көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды. Бұл халықтың жас құрылымына байланысты қалыпты үрдіс», – деді Аяулым Сағынбаева Kazinform-ға берген түсініктемесінде.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жиынтық туу коэффициенті бір әйелге шамамен 2,8 баладан келген. Бұл халықтың қарапайым ұдайы өсуін қамтамасыз ететін 2,1 деңгейінен жоғары. Сондықтан қазіргі жағдайды халықтың табиғи азаюы деп бағалауға негіз жоқ.
Жастар отбасы құруға асықпайды
Туу көрсеткішінің төмендеуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жастардың некеге тұру мен бала сүюді кейінге қалдыруы.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының аналитик-менеджері Арна Дүйсенованың айтуынша, 25 жасқа дейінгі жастар алдымен білім алуға, кәсіби тұрғыдан орнығуға және қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге ұмтылады.
«Жастардың отбасынан бас тартып жатқаны туралы айтуға болмайды. Олардың шешіміне әлеуметтік-экономикалық жағдай мен қазіргі өмір қарқыны ықпал етеді. Көпшілігі алдымен кәсіби тұрғыдан қалыптасып, тұрақты табысқа жеткеннен кейін ғана некеге тұрып, балалы болуды жоспарлайды», – дейді сарапшы.
Орталық жүргізген сауалнамада респонденттердің 51 пайызы қазір бар балаларынан бөлек тағы бала жоспарламайтынын айтқан. Арна Дүйсенова мұны бала тәрбиесіне қажет қаржылық және эмоциялық ресурстармен байланыстырады. Оның сөзінше, әйелдер ана болуға саналы қарай бастады және балаға жақсы жағдай жасаумен қатар өзінің кәсіби әрі тұлғалық дамуын да жалғастырғысы келеді.
Алғашқы бала бұрынғыдан кеш дүниеге келеді
Қазақстанда 20–24 жастағы әйелдер арасындағы туу белсенділігі төмендеген. 2020 жылы осы жас тобындағы әр мың әйелге шамамен 170 бала келсе, 2024 жылы көрсеткіш 134-ке дейін азайған.
Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, елде алғашқы некеге тұру жасы да, бірінші баланы дүниеге әкелу жасы да біртіндеп ұлғайып келеді.
«Қазақстанда ана болу жасы ұлғайып барады деген пікір шындыққа сәйкес келеді. Алғашқы некеге тұрудың орташа жасы ерлер мен әйелдер арасында да өсіп жатыр. Соған сәйкес, отбасындағы тұңғыш бала бұрынғыдан кешірек дүниеге келеді. Қазір бала туу белсенділігі негізінен 25–35 жас аралығында жоғары», – дейді демограф.
Бұл өзгерісті тек теріс құбылыс ретінде бағалау дұрыс емес. Жастардың білім алуы, тұрақты табысқа ұмтылуы және отбасы жоспарлауға жауапкершілікпен қарауы да қоғамның әлеуметтік трансформациясын көрсетеді.
Отбасының көлемі кішірейіп келеді
Қазақстанда отбасы туралы түсінік те өзгеруде. Аяулым Сағынбаеваның мәліметінше, 2009–2021 жылдар аралығында тіркелген некелер саны артқанымен, отбасының орташа көлемі 3,9 адамнан 3,2 адамға дейін қысқарған.
Сарапшы мұны әсіресе қалаларда шағын немесе нуклеарлы отбасылардың көбеюімен байланыстырады. Бұрын ата-әже, олардың балалары мен немерелері бір үйде бірге тұруы жиі кездессе, қазір жас отбасылар бөлек шығуға ұмтылады. Нәтижесінде бір үй шаруашылығындағы адам саны азайып келеді.
Көпбалалылық та біртіндеп отбасы әл-ауқатының жалғыз көрсеткіші болудан қалып барады. Қазіргі отбасылар үшін бала саны ғана емес, оған сапалы білім, қауіпсіз орта мен жеткілікті материалдық жағдай жасау маңызды.
Аяулым Сағынбаева демографияда тек санға емес, сапаға да көңіл бөлу қажет екенін айтады.
«Отбасы қанша баланы асырап, тәрбиелеп, лайықты білім бере алса, сонша балалы болуы керек. Қазақстандағы жиынтық туу коэффициенті алдағы 20–25 жылда бір әйелге шаққанда 2,2 баладан төмен түспейді деп болжанып отыр», – деді ол.
Оңтүстік пен солтүстіктің демографиялық жағдайы әртүрлі
Қазақстандағы туу көрсеткіші өңірлер бойынша біркелкі емес. 2025 жылы ең жоғары туу деңгейі Түркістан облысында – әр мың тұрғынға 22,92 баладан, Шымкентте – 21,41 және Маңғыстау облысында 21,11 баладан келген.
Солтүстік және шығыс өңірлерде жағдай өзгеше. Бұл аймақтарда халықтың орташа жасы жоғары, ал жастардың ірі қалаларға қоныс аударуы табиғи өсімнің төмендеуіне әсер етеді.
БҰҰ Халық қорының Қазақстандағы халық және даму, гендер мәселелері жөніндегі бағдарламалық талдаушысы Газиза Молдақұлованың айтуынша, оңтүстіктегі халықтың жас құрылымы туу әлеуетін сақтауға мүмкіндік береді.
«Оңтүстік өңірлерде тұрғындар саны көп әрі халықтың жас құрылымы айтарлықтай жас. Сондықтан бұл облыстарда туу әлеуеті де жоғары. Солтүстік аймақтарда халық саны аз әрі тұрғындардың жасы үлкен болғандықтан, табиғи өсім мүмкіндігі төмен», – деп түсіндірді сарапшы.
Солтүстік пен шығыстағы демографиялық ахуалға көші-қон да ықпал етеді. Жастардың Астана, Алматы және басқа да ірі қалаларға көшуі өңірлердегі еңбекке қабілетті және бала туу жасындағы тұрғындар үлесін азайтады.
Урбанизация тууға қалай әсер етеді?
Қала халқының көбеюі әдетте туу деңгейінің төмендеуімен байланыстырылады. Алайда Қазақстанда ішкі көші-қон қалалардағы туу көрсеткішін уақытша арттырып отыр.
Газиза Молдақұлованың айтуынша, ауылдан қалаға көшкен жас отбасылар өздерінің көпбалалылыққа қатысты дәстүрлі ұстанымдарын бірден өзгертпейді.
«Ауылдық жерлерден жастардың ірі қалаларға келуі қалалық демографияны өзгертеді. Олар мегаполистерде қалып, отбасы құрып, балалы болады. Ауылда төрт-бес балалы болу қалыпты саналса, көшіп келген отбасының балалары енді қалалық статистикаға кіреді», – дейді UNFPA сарапшысы.
Алайда ұзақ мерзімде қаладағы тұрғын үй бағасы, балабақшаның қолжетімділігі, жұмыс пен бала күтімін қатар алып жүру қиындығы отбасылардың бала санына қатысты шешіміне ықпал етуі мүмкін.
Балабақша мен әлеуметтік қолдау маңызды
Газиза Молдақұлова туу көрсеткішін қолдау үшін бір реттік төлемдермен шектелуге болмайтынын айтады. Оның пікірінше, отбасыларға бала туғанға дейінгі және кейінгі демалыс, декреттік төлемдер, икемді жұмыс кестесі, қолжетімді медицина және дамыған мектепке дейінгі инфрақұрылым қажет.
«Балабақша – туу көрсеткішін қолдайтын маңызды әлеуметтік тетік. Мемлекет тегін балабақшалар санын жеткілікті деңгейде қамтамасыз етуі қажет. Орын жетіспесе, отбасылар қымбат жекеменшік балабақшаларға жүгінеді. Оның ақысын төлеу үшін ата-аналарға көбірек жұмыс істеуге тура келеді», – дейді сарапшы.
Отбасылар үшін тұрақты табыс, қолжетімді тұрғын үй және баланың қауіпсіз дамуына қажетті қызметтердің болуы тікелей ақшалай жәрдемақыдан кем емес.
Қазақстан халқы да қартаюда
Қазақстан халқы әлемдік өлшем бойынша әлі де жас саналады. UNFPA-ның 2025 жылғы дерегінде 14 жасқа дейінгі балалар халықтың 29 пайызын құрайтыны көрсетілген.
Соған қарамастан елде егде жастағы адамдардың үлесі артып келеді. Газиза Молдақұлованың айтуынша, халықтың 65 жастан асқан бөлігінің үлесі 9 пайызға жеткен. Демографиялық өлшем бойынша бұл Қазақстанның қартаю кезеңіне кіргенін білдіреді.
Сарапшы мұны тек жағымсыз құбылыс деп қарастырмайды. Егде жастағы адамдар үлесінің өсуі өмір сүру ұзақтығының артуымен, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау жүйесінің жақсаруымен де байланысты. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті.
Дегенмен халықтың қартаюы денсаулық сақтау, зейнетақы жүйесі және еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан демографиялық саясат тек туу көрсеткішін арттыруға емес, белсенді әрі салауатты ұзақ өмір сүруге де бағытталуға тиіс.
Демографиялық дағдарыс бар ма?
Қазақстанда туу деңгейінің төмендеуі анық байқалады. Төрт жылда дүниеге келген балалар саны ширектен астамға азайды. Жастар отбасын кеш құрып, алғашқы баланы кейінірек жоспарлап жатыр. Отбасының орташа көлемі де кішірейген.
Сонымен бірге Қазақстандағы жиынтық туу коэффициенті халықтың табиғи жаңаруына қажетті деңгейден әлі де жоғары. Халық саны өсіп, табиғи өсім сақталып отыр. Сондықтан қазіргі жағдайды толыққанды демографиялық дағдарыс деп атау асығыстық болар еді.
Басты мәселе – бала санын кез келген жолмен көбейту емес, отбасылардың өздері жоспарлаған мөлшерде балалы болуына мүмкіндік жасау. Ол үшін қолжетімді баспана, тұрақты табыс, тегін немесе арзан балабақша, сапалы медицина, икемді еңбек жағдайы және әйелдердің кәсіби дамуына кедергі келтірмейтін әлеуметтік орта қажет.
Қазақстанның болашақ демографиялық әлеуеті қанша бала туғанымен ғана емес, сол балалардың қандай жағдайда өсіп, білім алып, еңбек нарығына шығатынымен де айқындалады.