💰 Экономика

Қазақстан маусымда 7 тонна алтын сатып алды

Биылғы маусым айында Ұлттық банк тағы да алтын қорын толықтырды. Бұл жолы 7 тонна алтын сатып алынған. Жалпы алғанда, маусым айында әлемнің орталық банктері 22 тонна алтын жинаған. Мұндай мәліметті Дүниежүзілік алтын кеңесі (World Gold Council) ұсынды, деп жазады Ozgeris. info. 

Маусымдағы ең ірі сатып алушы – Өзбекстан. Бұл ел 9 тонна алтын алып, бұған дейінгі төрт ай бойы сатқанын доғарды. Ал Қазақстан Ұлттық банкі 7 тонна алтынмен екінші орында  тұр. 

Есесіне, кей елдер алтын қорын азайтқан. Мысалы, Сингапурдың Валюта басқармасы маусым айында 6 тонна алтын сатқан. Бұл айда ең ірі сатушы осы ел болды.

2025 жылдың алғашқы алты айындағы жалпы көрсеткішке келсек, әлем бойынша орталық банктер 123 тонна алтын сатып алыпты. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда бұл сәл төмен (2024 жылдың қаңтар-маусымында  130 тонна болған).

Жартыжылдық қорытындыға сәйкес, ең көп алтын алған – Польша ұлттық банкі (67 тонна). Екінші орында – Әзербайжанның Мемлекеттік мұнай қоры (35 тонна), ал Қазақстан 22 тонна алтынмен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің сарапшысы Кришан Гопаулдың айтуынша, орталық банктер алтынды геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында сенімді қор ретінде көреді. Яғни, бұл қауіпсіздікке жасалған инвестиция. Алтын – тәуекелге қарсы қорған ғана емес, сонымен қатар валюталық резервтерді әртараптандыруға көмектесетін құрал.

Ұлттық банктің мәліметіне сенсек, еліміздің жалпы алтын-валюта қоры 51,8 миллиар доллардан асады. Оның ішінде 31,6 миллиард доллары – алтын. Бұл мамыр айында тіркелген тарихи рекорд. Сол айда алтын көлемі 865 миллион долларға өсіп, 2,8%-ға артқан. Ал жыл басынан бері Қазақстанның алтын қорының құны 32,7%-ға көбейген.

 

 

Барлық жаңалық