Жаңалықтар

Қазақмыс 2026 жылға арналған геологиялық барлау жоспарын жаңартты

Қазақмыс 2026 жылға арналған геологиялық барлау жоспарын жаңартты

Қазақмыс корпорациясы геологиялық барлау саласын дамыту аясында мамандардың еңбек жағдайын жақсарту мен техникалық базаны жаңғыртуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы шешімдер компания басшылығы мен бейінді бөлімшелердің қатысуымен өткен өндірістік кеңестердің қорытындысы бойынша қабылданған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Kazakhmys Barlau базасында басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұржановтың төрағалығымен 2026 жылға арналған геологиялық барлау жұмыстарының жоспары қайта қаралып, жаңартылды. Жоспарға бұрғылау бағдарламасының негізгі параметрлері енгізіліп, бірінші тоқсанның қорытындылары мен минералдық-шикізаттық базаны толықтыруға қатысты өзекті міндеттер ескерілді.

Қазіргі уақытта барлау жұмыстары Жамбыл, Қарағанды және Абай облыстарындағы бірқатар телімдерде жүргізіліп жатыр. Жалпы бұрғылау көлемі шамамен 14,5 мың қума метрді құрайды. Алынған деректер геологиялық құрылымды нақтылауға және алдағы жоспарлау жұмыстарының дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны кезеңінде өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қабылданған.

Компания қызметінде адам капиталына басымдық беріліп отыр. 2026 жылы Нұрқазған кен орнында және Жезқазған қаласында геологтар мен маркшейдерлерге арналған заманауи әкімшілік-тұрмыстық кешендердің құрылысы басталды. Бұл жобаларға жалпы көлемі 425 млн теңге қаржы қарастырылған.

Аталған кешендер модульдік форматта салынып, құрылыс мерзімін қысқартуға және оларды пайдалану кезінде икемділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Нысандар құрамында кеңсе бөлмелері, санитарлық-тұрмыстық аймақтар, киім ауыстыратын орындар, демалыс бөлмелері, сондай-ақ құрал-жабдықтарды сақтауға арналған қоймалар қарастырылған. Бұл өз кезегінде заманауи талаптарға сай қауіпсіз әрі қолайлы еңбек ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар компания геологиялық блокты техникалық тұрғыдан жаңғырту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруда. Оның аясында мамандар заманауи компьютерлік техникамен қамтамасыз етіліп, арнайы бағдарламалық жасақтама енгізілуде. Бұдан бөлек, кен орындарын 3D-модельдеу және халықаралық стандарттарға сәйкес қорларды есептеу жүйелері қолданысқа енгізілуде.

Осы жұмыстармен қатар геологиялық барлау және бұрғылау бөлімшелерінің кадрлық әлеуеті мен материалдық-техникалық базасы күшейтіліп жатыр. Бұл қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға және өндірістік тиімділікті жоғарылатуға ықпал етеді.

Жалпы алғанда, Қазақмыс корпорациясы үшін инфрақұрылымды дамыту мен қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау геологиялық барлау саласының тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылады.

Барлық жаңалық