Павлодарда жаңа танысқан қызын пәтеріне қамап, кеудесіне пышақ сұққан 33 жастағы тұрғын денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Irbistv.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне сәйкес, оқиға 2025 жылдың қазан айында болған.
Ер адам мен қызды дүкенде сыра кезегінде тұрып танысады. Ортақ тақырып тапқан екеуі әңгімесін далада жалғастырып, кейін ер адам жаңа танысын өз пәтеріне шақырады.
Үйінде ол қызға ішімдік ұсынған. Әйел басында бас тартып, кейін аздап дәмін татқан соң кетіп қалмақ болады. Алайда пәтер есігінің іштен құлыптаулы екенін көріп, қорқып қалған.
«Ол бірдеңе айтып жатты, мен тыңдамадым. Үстел үстінде пышақ жатқан. Кейін ол маған: "Түсініп тұрсың ба? Сені осы жерде өлтіре саламын, ешкім көрмейді және ешкім ештеңе білмейді", – деді. Мен қатты қорқып кеттім. Ол тізерлеп тұруымды бұйырды, мен оның алдына тізерлеп тұрдым. Ол үстелден пышақты алып, оны айналдырып, тағы бірдеңелер айтты. Сол сәтте пышақты сол жақ кеудеме кіргізіп, қайта суырып алды. Соққы тиген жерді бірден сол қолыммен бастым. Қанды көріп, "Не істеп жатырсың?" деп сұрадым. Ол өзі де қорқып кетіп, бейнебір бұл әрекетті өзі жасамағандай орындықтан құлап түсті», – деді жәбірленуші сотта.
Оқиғадан кейін ер адамның өзі жедел жәрдем шақырған. Ауыр жарақат алған қыз аман қалды. Сот айыпталушының кінәсін толық дәлелденген деп тауып, оған тиісті жазасын кесті.