Қазақстанды Қытайға танытып жүрген танымал блогер, туризм елшісі Тао Минсюге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ІІ дәрежелі «Достық» ордені берілді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Жоғары мемлекеттік награданы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстап, инфлюенсердің екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудағы еңбегін атап өтті.
«ІІ дәрежелі «Достық» ордені – бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіңіздің жоғары мемлекеттік бағасы. Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды, оның бай мәдени мұрасын, көркем табиғатын және туристік әлеуетін жақынырақ таныды», – деді Аида Балаева.
Тао Тао лақап атымен танымал контентмейкер Қазақстанға алғаш рет 2024 жылдың қыркүйегінде арнайы шақырумен келген. Содан бері ол Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын аралап үлгерді. Ол еліміз туралы 100-ден аса материал жариялап, олардың жалпы қаралымы 1 миллиардтан асқан. Осы еңбегі үшін 2025 жылдың мамырында оған «Қазақстан туризмінің елшісі» мәртебесі берілді.
Қазіргі уақытта блогер Қазақстанға бесінші рет сапарлап жүр. Бұл жолы ол Алматы, Ақтау және Түркістан бағыттарын қамтып, Амал мен Наурыз мерекелеріне қатысты.
Министрлік бұл марапат Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілген екіжақты стратегиялық әріптестіктің айқын көрінісі екенін хабарлады.