Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара бөлімшесінде 20 жастағы сарбаздың өліміне кінәлі деп танылған басшыға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Оқиға 2025 жылдың 6 қазанында болған. Бөлімше бастығы Қуаныш Асу кешкі сағат 19:40 шамасында істен шыққан дизель агрегатын тазалау үшін екі мерзімді әскери қызметкерге ауызша бұйрық береді. Басшының тапсырмасымен қоймаға екі канистрмен кірген қатардағы жауынгер Еркебұлан Сағындық бензин буына уланып, есінен танып қалады. Ол сол күйде 20 минут жатқаннан кейін басқа сарбаз оны далаға алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен, жауынгер есін жимастан көз жұмды.
Сот айыпталушының қараңғы уақытта жарығы жоқ қоймада жанармаймен жұмыс істеуге болмайтынын нақты білгенін анықтады. Оған қоса мекемеде арнайы құю құрылғысы болмағандықтан, резервуардың қақпағын қолмен ашуға тура келген. Осындай қауіпті жағдайды біле тұра басшы сарбаздарға АИ 92 маркалы бензинімен тазалау жұмыстарын жүргізуге заңсыз нұсқау беріп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және міндетті техникалық нұсқама жүргізбеген.
Қызметіне салғырт қарады деп айыпталған әскери қызметкер өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, есінен танып жатқан сарбазды көрген бойда оған жүрек массажын жасап, медицина қызметкерлерімен санавиация шақыртқан. Қорғаныс министрлігі жіберген дәрігерлер ұшақ ішінде телефон арқылы нұсқаулық бергенімен, олар оқиға орнына жеткенге дейін сарбаздың үзіліп кеткені белгілі болды.
Ол соттан өзін бас бостандығынан айырмайтын жеңілдеу жаза тағайындауды сұрады. Марқұмның анасы да сотталушыға кешіріммен қарап, оның әкесі мен шешесі келіп көңіл айтқанын және материалдық көмек көрсеткенін жеткізді.
Осылайша 26 наурызда Ақтөбе соты 26 жастағы бөлімше бастығын кінәлі деп танып, оны 2 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен колонияда өтейді. Сонымен қатар сот оны қаза тапқан сарбаздың анасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттеді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.