Жаңалықтар

Тур бағасы өзгерді: қазақстандықтар қосымша ақы төлеуге мәжбүр

Тур бағасы өзгерді: қазақстандықтар қосымша ақы төлеуге мәжбүр

Сәуір айының басында қазақстандық турагенттер туроператорлардан бұрын тапсырыс берілген турлар бойынша қосымша төлем енгізілгені туралы хабарламалар ала бастаған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, кең резонанс тудырды. Туризм саласының өкілдері мұндай тәжірибені бұрын-соңды кездеспеген жағдай ретінде бағалап отыр.

Хабарламаларда туристерге екі нұсқа ұсынылған: белгілі бір мерзімге дейін тур құнын толық төлеу немесе әрбір ұшу сегменті үшін қосымша ақы төлеу. Егер ұсынылған шарттармен келіспеген жағдайда, тапсырысты жою қарастырылған.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгерістердің басты себебі — әлемдік жанармай нарығындағы тұрақсыздық. Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі салдарынан авиациялық жанармай бағасы айтарлықтай өсіп, әуе компанияларының шығындары артқан.

Осыған байланысты әуе тасымалдаушылары қосымша жанармай алымын енгізуге мәжбүр болған. Бұл төлем туроператорлардың табысы емес, тікелей әуе компаниялардың шығындарын жабуға бағытталған.

Мамандардың пікірінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда тур құнының өзгеруі заңды болып саналады. Себебі бағаға әсер ететін факторлар туроператорларға тәуелсіз қалыптасады.

Қазіргі жағдайда туристерге сапардан бас тартпай, қосымша төлем мүмкіндігін қарастыру немесе тур құнын толық алдын ала төлеу арқылы бағаны бекітіп алу ұсынылады.

Сала өкілдері бұл жағдайды жекелеген компаниялардың әрекеті емес, жаһандық нарықтағы өзгерістердің салдары ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар, бірыңғай әрі ашық ережелердің болмауы туристер мен агенттер арасында түсінбеушілік туғызатыны да айтылуда.

Осыған байланысты мамандар туристерге келісімшарт талаптарын мұқият оқып, барлық шарттарды алдын ала нақтылауға кеңес береді.

 

Барлық жаңалық