Алматыда «NBC TV» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасына қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады деп жазды ozgeris.info сайты.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы күдікті аталған жобаны инвестициялық онлайн-платформа ретінде көрсетіп, азаматтарды қаржы салуға тартқан. Қатысушыларды тарту www.nbcms.com сайты және WhatsApp мессенджеріндегі чаттар арқылы жүргізілген. Бұл чаттарға 200-ден астам адам қатысқан.
Жоба аясында пайдаланушыларға фильм трейлерлерін қарау арқылы табыс табу ұсынылған. Инвестиция көлемі 11 мыңнан 160 мың теңгеге дейін болған. Ұйымдастырушылар күніне 5–10% табыс уәде етіп, айына 150%-дан астам кіріс көрсеткен.
Алайда төлемдер жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып отырған. Сонымен қатар реферальды жүйе енгізіліп, тартылған адамдар үшін 10%-ға дейін бонус ұсынылған.
Жобаның заңды көрінуі үшін әлеуметтік желілерде жарнама жүргізіліп, жалған құжаттар мен табыс көрсеткіштері жарияланған. Ақпарат таратуға блогерлер де тартылған.
Тергеу барысында салынған қаражат алдымен жеке тұлғалардың шоттарына түсіп, кейін криптовалютаға айналдырылып, P2P операциялар арқылы анонимді әмияндарға жіберілгені анықталды.
Сот шешімімен 1 057 599 USDT (шамамен 528,5 млн теңге) көлеміндегі криптовалютаға тыйым салынды.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты елден шығуға шектеу қойылып, қылмыстық іс сотқа жолданды.