Қоғам

Орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жеткен

Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,4 жасқа жетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден жоғары, деп жазады Ozgeris.info.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында елдегі жалпы өлім-жітім өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, алғаш рет ана мен бала өлімі ең төмен деңгейде тіркелгені атап өтілді.

Кездесуде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және оның айналымын бақылау шаралары қаралды. Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылмен салыстырғанда республикадағы дәрігерлер тапшылығы 19 пайызға, ауылдарда 16 пайызға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 7 пайызға азайды.

Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қорғау мәселесін де көтерді. Бұл бағытта заңнаманы қатаңдату жоспарланып отыр. Дәрігерлерге шабуыл жасалған жағдайда жедел әрекет ету тетіктері енгізіледі. Министрліктің ақпаратына сәйкес, келесі жылдан бастап әлеуметтік осал топтағы 1 миллионға жуық азамат медициналық сақтандырумен қамтылады.

Айта кетейік, бұған дейін министр медицина қызметкерлерін қорғауға арналған заң жобасын таныстырған еді. Онда Қылмыстық кодекске жаңа 158-1 бап енгізу ұсынылған. Бұл бап дәрігерлерге қарсы әрекеттер үшін әкімшілік шарадан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілікті қамтиды.

Барлық жаңалық