Жаңалықтар

Миллиардтар таңдаған мекен: Жаһандық капиталдың Қазақстанға бет бұруының сыры неде?

Миллиардтар таңдаған мекен: Жаһандық капиталдың Қазақстанға бет бұруының сыры неде?

Әлемдік экономикада сенім ең қымбат ресурсқа айналды. Геосаяси шиеленістер, сауда соғыстары, логистикалық тізбектердің үзілуі мен қаржы нарықтарындағы құбылмалылық ірі инвесторларды жаңа бағыт іздеуге мәжбүрледі, деп жазады Ozgeris.info

Қаржы иелері енді тек табиғи байлыққа немесе арзан жұмыс күшіне емес, тұрақтылыққа, болжамды саясатқа, заң үстемдігіне және ұзақ мерзімді даму стратегиясына назар аударады. Осындай жағдайда Қазақстан халықаралық капиталдың назарын өзіне аударған мемлекеттердің қатарына шықты. Кейінгі отыз жылдан астам уақытта ел экономикасына 451 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылуы – соның айқын дәлелі.

Бұл көрсеткіш жай ғана статистика емес. Сарапшылар мұны халықаралық инвесторлардың Қазақстанға берген сенім дауысы деп бағалайды. Бүгінде Орталық Азияға келген әрбір он доллардың жетеуі Қазақстан экономикасына құйылады. Мұндай нәтиже елдің аймақтағы инвестициялық көшбасшылық орнын нығайтты.

Кейінгі жылдары әлемдік капиталдың Қазақстанға қызығушылығы бұрынғыдан да күшейе түсті. Мемлекетке жыл сайын жиырма миллиард доллардан астам инвестиция келіп жатыр. 2022-2023 жылдары бұл көлем 41,3 миллиард долларға жетті. 2023 жылдың қорытындысында 23,9 миллиард доллар тартылса, 2024 жылы 20,4 миллиард доллар көлемінде қаржы келіп, өсім 14,5 пайыз болды. 2024 жылдың тоғыз айында инвестиция ағыны тағы 10,9 пайызға ұлғайып, 14,9 миллиард долларға жетті. Ал 2025 жылдың тоғыз айындағы таза инвестициялық ағын 2,4 есе өсіп, 1,2 миллиард долларды құрады.

Экономистер мұндай көрсеткіштер кездейсоқ қалыптаспайтынын айтады. Инвестор ең алдымен тәуекелді есептейді. Саяси тұрақтылық сақталған, заңнамасы түсінікті, мемлекеттік институттары жұмыс істейтін ел ғана ірі капиталды қызықтыра алады. Қазақстан дәл осындай мемлекет ретінде қалыптасып келеді.

Еліміздің географиялық орналасуы да маңызды артықшылық саналады. Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көлік дәліздерінің түйіскен тұсында тұр. Қытай, Ресей, Кавказ аймағы, Парсы шығанағы мен Еуропа нарықтарына шығатын бағыттар осы өңір арқылы өтеді. Сол себепті көптеген халықаралық компания Қазақстанды өндіріс пен логистиканың өңірлік орталығы ретінде қарастырады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы Қазақстанды Солтүстік және Орталық Азиядағы жаңа инвестициялық жобалар саны жағынан көшбасшы мемлекет деп таныды. Бұл баға халықаралық ұйымдардың да ел экономикасына оң көзқарасын аңғартады.

Инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған реформалар да өз нәтижесін беріп жатыр. «Бір терезе» қағидатының енгізілуі, рұқсат беру рәсімдерінің жеңілдеуі, мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұсынған құқықтық алаң шетелдік бизнестің жұмысын едәуір жеңілдетті.

Қазір Қазақстанға инвестиция салатын мемлекеттердің қатары өте кең. Соңғы отыз жылда Нидерланд экономикамызға 120 миллиард доллардан астам қаржы құйып, негізгі инвестор мәртебесін сақтап келеді. Қытай, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Швейцария, Германия, Франция, Оңтүстік Корея секілді елдер де ірі серіктестер саналады.

Дегенмен соңғы кезеңде сарапшылардың назарын ерекше аудартқан мемлекет – Катар.

Катар капиталының Қазақстанға ағылуы кездейсоқ құбылыс емес. Әдетте Таяу Шығыстағы ірі инвестициялық қорлар қаржы салатын елді ұзақ зерттейді. Олар тәуекелі жоғары бағыттарға асықпайды. Сондықтан катарлық инвесторлардың белсенділігі Қазақстан экономикасына берілген халықаралық бағаның бір көрінісі саналады.

Сандар мұны анық көрсетеді. Егер 2023 жылы Катардан келген инвестиция көлемі небәрі 8,9 миллион доллар болса, араға бір жыл салып бұл көрсеткіш 156,4 миллион долларға жетті. Өсім – он сегіз есе. Ал 2025 жылдың тоғыз айында катарлық инвестиция көлемі бірден 1,2 миллиард долларға дейін көтеріліп, екі жыл бұрынғы деңгейден 134 есе асып түсті. Нәтижесінде Катар Қазақстандағы ең ірі бес инвестордың қатарына енді әрі араб мемлекеттері арасындағы көшбасшы орынға шықты.

Катар қаржысы мұнай мен газ өндіруге ғана бағытталып отырған жоқ. Инвестицияның басым бөлігі жаңа өндірістерге, энергетикаға, инфрақұрылымға, цифрлық технологияларға, логистика мен агроөнеркәсіпке жұмсалмақ.

Дохада қол қойылған он екі құжаттың жалпы құны 17,6 миллиард долларға жетті. Оның аясында газ өңдеу кешендері салынады, жаңа электр станциялары бой көтереді, ауыл шаруашылығы жобалары іске қосылады.

Мәселен, катарлық «Nebras Power» компаниясы мен «Самұрық-Энерго» қуаты 300 мегаватт болатын Семей су электр станциясын салуға қатысады. «Power International Holding» Қызылорда облысында бу-газ қондырғысы негізіндегі энергетикалық жоба жүзеге асырады. Ал «QazaqGaz» бен «UCC Holding» Қашаған кен орнында газ өңдеу кешендерін дамытуға күш салады.

Цифрлық технология саласында да ынтымақтастық кеңейіп келеді. Катардың «Snoonu» компаниясы бірнеше жыл бұрын-ақ «Astana Hub» халықаралық технопаркі алаңында өз қызметін бастаған. Бұл бағыт жасанды интеллект, цифрлық сервистер мен инновациялық стартаптарға жаңа мүмкіндік ашып отыр.

Жалпы алғанда Қазақстанның инвестициялық бейнесі түбегейлі өзгеріп келеді. Егер бұрын шетелдік капиталдың негізгі бөлігі жер қойнауын игеруге бағытталса, қазір өңдеу өнеркәсібі алдыңғы орынға шықты. Бұл ел экономикасының жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді.

2025 жылдың тоғыз айында өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 3,2 миллиард долларға жетіп, 23,5 пайыздық өсім көрсетті. Ал тау-кен өндірісіне келген қаржы 2,6 миллиард доллар шамасында қалды. Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет өңдеу секторы қазба байлықтар саласынан озып шықты.

Бұл өзгеріс инвесторлардың Қазақстанды тек шикізат көзі ретінде емес, өндіріс алаңы әрі технологиялық серіктес ретінде қабылдай бастағанын аңғартады.

Инвестициялық саясатты іске асыруда «Qazaqstan Investment Corporation» ұлттық компаниясы маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда оның басқаруындағы 19 қордың жиынтық активі 2,3 миллиард долларға жеткен. Корпорация әр жобаға қатыса отырып, сыртқы инвесторларды тартуға ықпал етеді. Мамандардың есебінше, салынған әрбір доллар қосымша екі доллар инвестиция әкеледі.

Ауыл шаруашылығы саласында көлемі бір миллиард доллар болатын «Adal Fund L.P.» қоры құрылды. Венчурлық нарықта «Alem Ventures Fund» қорына 30 миллион доллар бағытталды. Халықаралық серіктестердің көмегімен қырық қазақстандық стартап қаржыландырылды. Жасанды интеллект саласындағы ондаған жоба инвесторлардың қарауында жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнім көлемін екі есе арттыру міндетін қойған еді. Сол мақсатқа жету жолында қосымша 150 миллиард доллар инвестиция тарту көзделген.

Әлемдік капиталдың Қазақстанға келуі – жай ғана қаржы ағыны емес. Бұл халықаралық инвесторлардың елдің болашағына, жүргізіліп жатқан реформаларға, экономиканың жаңа бағыттарына сенім білдіруі. Катар секілді ықпалды ойыншылардың Қазақстан нарығына келуі сол сенімнің күшейгенін көрсетеді.

Қаржы әлемінде бір қағида бар. Ақша қауіпсіз әрі болашағы бар жерге барады. Кейінгі жылдардағы көрсеткіштер Қазақстанның дәл осындай бағытқа айналып келе жатқанын аңғартады. Бүгінде жаһандық капитал елімізді тек табиғи ресурстарымен емес, тұрақтылығымен, ашықтығымен және ұзақ мерзімді мүмкіндіктерімен бағалай бастады. Бұл – жаңа инвестициялық тарихының бастауы.

Барлық жаңалық