Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында "Арқа аруы" республикалық байқауы өтті. Бұл өнер сайысын депутат Аманжол Әлтай марқұм жары Ақмарал Әлтайдың жарқын бейнесіне арнап ұйымдастырған. Дүбірлі мерекеге елге танымал тұлғалар жиналды. Қонақтар қатарында Қанат және Света Айтбаевтар мен тележүргізуші Динара Сәтжан болды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Кештің ең қадірлі мейманы ретінде Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешова шақырылды. Жергілікті жұртшылық қазақ киносының жарық жұлдызына ерекше қошемет көрсетті. Халық өнер тарланына алғыс білдіріп астына ат мінгізді. Бұл сый ұлттық мәдениетке сіңірген өлшеусіз еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі еді. Қазақ көрермені үшін актрисаның есімі әрдайым сұлулық пен нәзіктіктің символы "Қыз Жібек" бейнесімен тығыз байланысты.
Жақында ғана қоғам белсендісі Жолымбек Мәкіш әлеуметтік желіде Меруерт Өтекешованың қазіргі жағдайы жайлы жазба жариялаған еді. Бұл тақырып көпшіліктің назарын аударып қызу талқыланды. Одан бөлек басылым беттерінде актриса мен марқұм Құман Тастанбеков арасындағы романтикалық кездесулер жайлы қызықты деректер жарық көрген болатын.
"Қыз Жібек" фильмі шын мәнінде қазақ киносының алтын қорындағы қайталанбас классика саналады. Эпостық-драмалық жанрдағы бұл екі бөлімді картина 1970 жылы "Қазақфильм" студиясында түсірілген. Режиссер Сұлтанахмет Қожықов пен сценарий авторы қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов көрерменге өлмес туынды сыйлады. Фильмнің әсерлі әуенін даңқты композитор Нұрғиса Тілендиев жазды. Оның ғажайып музыкасы көркем шығарманың қуатын арттырып жүректерден берік орын алды.
Басты рөлдерде Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімов ойнады. Фильм қазақтың әйгілі лиро-эпостық жырының желісімен түсіріліп ұлттық болмысты, салт-дәстүрді, махаббат пен адалдықты, ерлік пен елдік рухты терең ашып көрсетті.
Кино оқиғасы Базарбайдың ұлы Төлегеннің өзіне лайықты жар іздеуінен басталады. Ол көп арудың ішінен Сырлыбайдың сұлу қызы Жібекті таңдайды. Екі жастың арасында кіршіксіз сезім оянады. Бірақ олардың махаббатына қызғаныш пен сатқындық кедергі жасайды. Бекежанның қолынан қаза тапқан Төлегеннің өлімі Жібектің тағдырын түбегейлі өзгертеді.
Картинаның екінші бөлімі Төлегеннің інісі Сансызбайдың ерлігіне арналған. Ол ағасының үзілген арманын жалғап ел намысын қорғауға бел буады. Сансызбай Жағалбайлы жұртының абыройы мен азаттығы үшін аянбай күреседі. Бұл туынды қазақ халқының рухани әлемі мен эстетикалық талғамын айқын бейнелейтін шығарма ретінде бірнеше буынның сүйікті фильміне айналып үлгерді.