Жақын болашақта Қазақстанның көшелері мен саябақтарының тазалығын жасанды интеллект бақылауы мүмкін. Бұл тың бастама Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен "жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңестің отырысында көтерілді. Ауқымды жиынға Бақыт Есекина, Айгүл Соловьева, Асхат Сүлейменов, Сәкен Қалқаманов және Вера Мұстафина сынды беделді сарапшылар қатысты. Олар қоршаған ортаға тиетін зиянды бағалау және аумақтарды көгалдандыру сапасын арттыру үшін сандық шешімдер мен нейрожеліні қолдануды ұсынды. Тәуелсіз экологтар өңірлерге кеңес беру ісін күшейтіп, озық халықаралық тәжірибелерді кеңінен тарату қажеттігіне назар аударды. Үкімет басшысы бұл жұмыстар халыққа жайлы орта мен жаңа демалыс орындарын қалыптастыруға қызмет етуі тиіс екенін еске салды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Табиғатты аялау қазіргі жаңа Конституцияда әрбір азаматтың тікелей міндеті ретінде тайға таңба басқандай жазылған. Президенттің "Таза Қазақстан" бастамасы дәл осы Ата заңдағы қағидатпен біте қайнасып жатыр. Билік тазалықты сақтауды науқандық емес, әр адамның ішкі мәдениеті мен күнделікті өмір салтына айналдыруды көздейді. Экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының нақты нәтижесі іс-шаралар санымен емес, елді мекендердің тазаруымен және тұрақтылығымен өлшенбек. Орталық және жергілікті билік өкілдері осы құжатты сапалы орындап, жастарды, еріктілер мен кәсіпкерлерді ортақ іске жұмылдыруға міндеттелді.
Жалпыұлттық қозғалыс басталған үш жылдың ішінде ауыл-аймақтарда 5,6 миллионнан астам ағаш тамыр жайды. Мемлекеттік орман қорына 1 миллиардтан астам жас көшет егілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің соңғы мәліметіне сүйенсек, биылдың өзінде 1 миллионнан астам тал отырғызылған. Төрт миллионға жуық тұрғын мен 510 мың волонтер 200-ден астам табиғатты қорғау шарасына қатысты. Нәтижесінде 76 мың гектар жер қоқыстан тазарды. Барлығы 413 мың тонна қалдық жиналып, оның 115,7 мыңы қайта өңдеуге жөнелтілді.
Аймақ әкімдері де атқарылған істерін ортаға салды. Ұлытау облысының басшысы Дастан Рыспеков 900 гектар аумақ тазарып, 3,5 мың тонна қатты қалдық шығарылғанын жеткізді. Көктемде 19 мың бұта егілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 30 мыңға жетпек. Алдағы 2027 жылға қарай өңірде қағаз бен резеңке өңдейтін жаңа цех ашылады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің дерегінше, қасиетті мекенде 332 мыңнан астам тал отырғызылған. Өңірде 355 мың тұрғын мен 1,2 мың арнайы техниканың күшімен 3 мыңдай сенбілік өтті. Одан 380 тонна қоқыс шығарылды. "Түркістан" экобағы ашылып, қуаттау бекеттері бар 33 электрлі автобус жолға шықты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аумақтан 22 мың тонна қалдық тазартылғанын тілге тиек етті. Өскеменде қазір төрт үлкен экопарк салынып жатыр. Олар "Таза Қазақстан", "Қайыңды тоғай", "Жасыл аймақ" және "Таулы Үлбі" деп аталады. Тазалық ісіне 19 мың ерікті мен 330 мыңнан астам адам атсалысқан.
Министр Ерлан Нысанбаев коммуналдық қалдықтарды кәдеге жарату бағытындағы жоспарлармен бөлісті. Келесі жылдың қорытындысы бойынша сұрыптау үлесі 30,7 пайызға жетеді деп күтілуде. Ал 2030 жылға қарай тұрмыстық қалдықтың 40 пайызын, өнеркәсіптік қоқыстың 50 пайызын қайта өңдеу көзделген. Былтыр анықталған 3828 стихиялық қоқыс орнының 95 пайызы толық жойылды. Биылғы жартыжылдықта табылған 1983 заңсыз үйіндінің 585-і тазартылды. Аймақ әкімдіктері бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсуі қажет. Үкімет басшысы тазалау қарқынының өте баяу екенін қатаң ескертті.
Қазіргі таңда кәдеге жарату төлемі есебінен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істейді. Елімізде 374 миллиард теңгеге 68 жоба мақұлданып, оның 12-сі іске қосылды. Барлығы 2755 қатты қалдықтар полигоны жаңғыртылып жатыр. Ауылдық жерлерде жаңа нысандарға жер телімін бөлудің экологиялық талаптары мен рұқсат беру рәсімдері айтарлықтай жеңілдетілді. Бұл құрылыстар кәдеге жарату төлемі арқылы қаржыландырылады. Бұған қоса "Экоқолдау" бағдарламасы аясында 94 компания бірігіп, 115 мың тоннадан астам қағаз, шыны, пластик және шинаны өңдеп үлгерді. Оларға 3 миллиард теңге төленді. Ендігі кезекте тұрғын үйлерде қоқысты бөлек жинау үшін қоқыс шығаратын мекемелерді, мүлік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерін осы жүйеге қосу жағы қарастырылуда.
Озық дамыған мемлекеттерде "Тұйық циклді экономика" жүйесі тамаша жұмыс істейді. Бұл жүйенің басты мақсаты қалдықтың пайда болуына мүлдем жол бермеу. Мысалы Швецияда барлық қоқыстың 1 пайызы ғана полигонға кетеді. Олар тіпті көрші елдерден қалдық импорттауға көшкен. Германия болса тұрмыстық қоқыстың 67 пайызын қайта айналымға жібереді. Қазақстанның да басты мұраты осы деңгейге жету. Мемлекет басшысы қатты қалдықтарды басқару мәселесін ең басты міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Тиісті тұжырымдама мен нормативтік актілер қабылданды. Алайда бізде қоқыс өңдеу жобаларының кешігу фактілері жиі кездеседі. Олжас Бектенов Экология министрлігіне бір апта ішінде осындай жобаларды тексеріп, нақты шешімдер қабылдауды бұйырды. Сонымен қатар жаңа полигондар салу тетігін бекітетін қаулы жобасын Үкімет аппаратына енгізу тапсырылды.
Жиында көтерілген тағы бір өзекті мәселе экономиканың энергия тиімділігіне арналды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ірі кәсіпорындармен жүргізілген талдау нәтижесінде қуат сыйымдылығы 32 пайызға төмендегенін байқады. Ірі нысандар үшін арнайы мақсатты индикаторлар бекітілді. Үш жүзге жуық өнеркәсіп орнында энергетикалық аудит өтіп, 113 миллиард теңгенің үнемдеу іс-шаралары жасалды. Бұл салада үлкен экономикалық пайда әкелді. Дәл қазір тағы 300-ден астам нысанда осындай жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы алғанда 2024 жылдың қорытындысымен Қазақстан экономикасының қуат сыйымдылығы 5 пайызға азайған.
Президент еліміздің қуат тұтыну көрсеткіші әлемдік орташа мәннен 2 есе, ал ЭЫДҰ елдерінен 3,5 есе жоғары екенін қатаң ескерткен. Жаһандық экономика аз ресурс жұмсап, көбірек пайда табуға баяғыда көшкен. Бізге де осы үрдіске ілесіп, шетелдік тәжірибені белсенді енгізу қажет. Жапония мен Германияда химиялық немесе металлургиялық зауыттардан шығатын артық жылу ауаға кетпейді. Ол арнайы сорғылар арқылы жақын маңдағы тұрғын үйлерді жылытуға жұмсалады. Еуропаның көптеген елдерінде жаңа ғимараттар салғанда ауаны қалпына келтіретін жүйелер мен қуат үнемдейтін терезелер орнатылады. Жылуды сақтайтын герметикалық оқшаулау құралдары қолданылады.
Билік алдында 2029 жылға қарай экономиканың қуат тұтынуын 15 пайызға азайту міндеті тұр. Барлық өнеркәсіп субъектілері қуат үнемдеу жоспарын бекітуге міндетті. Ал Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Астана қаласының әкімдіктеріне арнайы жол картасын мақұлдау үшін бір апта уақыт берілді. Бұл маңызды істі Өнеркәсіп министрлігі жіті бақылауда ұстайды және белгіленген көрсеткіштерге жету үшін барлық жауапты органдармен бірлесіп нақты шаралар қабылдайды.