ChatGPT-ден кейін әлем бұрынғыдай емес. 2022 жылдың соңында OpenAI әзірлеген ChatGPT көпшілікке ұсынылған кезде оны қарапайым чат-бот деп қабылдағандар аз болған жоқ. Алайда бірнеше айдың ішінде жағдай түбегейлі өзгерді. Миллиондаған адам мәтін жазуды, бағдарламалауды, сурет салуды, аударма жасауды, видео әзірлеуді, ғылыми зерттеулерді, тіпті медициналық қорытынды жасауды жасанды интеллект арқылы орындай бастады, деп тарқатады Ozgeris.info тілшісі.
Бүгінде жасанды интеллект (ЖИ) – технологиялық жаңалық қана емес, мемлекеттердің экономикалық, әскери және ғылыми бәсекесінің өзегіне айналды. Сарапшылар мұны электр энергиясының немесе интернеттің пайда болуымен салыстырады. Кейбіреулер тіпті оның әсері бұдан да ауқымды болады дейді.
Бұл туралы Microsoft негізін қалаушы Билл Гейтс:
«Жасанды интеллекттің пайда болуы компьютер мен интернеттің дүниеге келуімен тең тарихи оқиға», - дейді.
Ал Google DeepMind компаниясының басшысы Демис Хассабис адамзат жалпы жасанды интеллекті (AGI) алдағы он жыл ішінде көруі мүмкін екенін айтып келеді. Оның пікірінше, мұндай технология ғылымдағы ең күрделі мәселелерді шешуге көмектеседі, бірақ оны қауіпсіз дамыту халықаралық деңгейде реттелуге тиіс.
Әлемде AI үшін бұрын-соңды болмаған жарыс басталды
XX ғасыр мұнай үшін талас дәуірі болса, XXI ғасырдың ортасы жасанды интеллект үшін бәсеке кезеңіне айналып келеді. Бүгінде көш басында тұрған елдер: АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Канада, Сингапур, БАӘ, Оңтүстік орея және Израиль. Бұл мемлекеттер миллиардтаған долларды суперкомпьютерлерге, чиптерге және ғылыми зерттеулерге бағыттап жатыр. Мысалы, Microsoft OpenAI-ға ондаған миллиард доллар инвестициялады.
Ал Google DeepMind арқылы медицина мен ғылымға арналған жаңа AI модельдерін жасап жатыр. Meta болсаашық кодты Llama үлгілерін дамытуда. Anthropic қауіпсіз AI бағытында жұмыс істесе, xAI Grok жүйесін әзірледі. NVIDIA бүкіл әлемдегі AI серверлерінің «жүрегі» саналатын графикалық процессорлар шығарады.
NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуан:
«Жасанды интеллект – жаңа индустриялық революцияның қозғаушы күші», - деді.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде мұнай емес, есептеу қуаты (compute) стратегиялық ресурсқа айналып келеді.
АҚШ пен Қытай арасындағы «AI соғысы»
Қазір әлемдегі ең үлкен технологиялық бәсеке АҚШ пен Қытай арасында жүріп жатыр. АҚШOpenAI, Google DeepMind, Microsoft, Anthropic, Meta, NVIDIA сынды компанияларымен танымал болса, Қытай елінен DeepSeek, Alibaba, Baidu, Tencent, Huawei үлкен сұранысқа ие. Қытай бірнеше жыл бұрын АҚШ-тан қалып қойғандай көрінгенімен, бүгінде DeepSeek секілді модельдер әлемдік нарыққа елеулі ықпал ете бастады. Бұл АҚШ компанияларын да өнімдерін жылдам жетілдіруге итермеледі. Әлемдің сарапшылардың пікірінше, XXI ғасырдың технологиялық көшбасшысы AI жарысында жеңіске жеткен мемлекет болады.
AI ғылымды қалай өзгертіп жатыр?
Жасанды интеллект бұрын адамға ондаған жыл қажет ететін зерттеулерді бірнеше күнде орындауға мүмкіндік бере бастады. AlphaFold – медицинадағы серпіліске мүмкіндік ашса, Google DeepMind жасаған AlphaFold жүйесі миллиондаған ақуыз құрылымын болжады. Бұрын бір ақуыздың құрылымын анықтауға бірнеше жыл кететін. Қазір бірнеше минут жеткілікті. Бұл жаңалық қатерлі ісік, Альцгеймер, Паркинсон, тұқым қуалайтын аурулар бойынша жаңа дәрілер әзірлеуді жеделдетті. 2024 жылы осы зерттеулердің ғылыми маңызы Нобель сыйлығымен де аталып өтті.
ЖИ болашақты болжай ала ма?
Көпшілік AI көріпкел сияқты болашақты болжайды деп ойлайды. Шын мәнінде ол өткен жылдардағы миллиардтаған деректерді талдай отырып ықтимал сценарийлерді есептейді. Бүгінде AI су тасқынын, орман өртін, электр энергиясының тапшылығын, көлік кептелісін, ауа райын, эпидемиялардың таралуын дәлірек болжауға көмектеседі. Google әзірлеген кейбір жүйелер бірнеше елде су тасқынын алдын ала болжап, мыңдаған адамның эвакуациялануына мүмкіндік берген.
AI жұмыссыздықты арттыра ма?
Бұл – ең көп талқыланатын сұрақтардың бірі.Goldman Sachs сарапшылары AI әлем бойынша жүздеген миллион жұмыс орнының сипатын өзгертуі мүмкін екенін айтады. World Economic Forum дерегінше, бірқатар дәстүрлі қызметтер қысқарғанымен, AI инженері, деректер талдаушысы, промпт-инженер, робототехника маманы және киберқауіпсіздік сарапшысы сияқты жаңа кәсіптерге сұраныс артады. Демек AI барлық жұмысты жоймайды, бірақ жұмыстың мазмұнын түбегейлі өзгертеді.
Қазақстан AI дәуіріне дайын ба? Мемлекеттің жоспары қандай?
Егер бірнеше жыл бұрын Қазақстан цифрландыру туралы ғана айтып келсе, бүгінде мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – жасанды интеллект болып отыр. Билік бұл технологияны экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналдыруды көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше халықаралық және республикалық алаңдарда Қазақстанның AI саласында Орталық Азиядағы көшбасшы болуы тиіс екенін бірнеше рет мәлімдеді. 2026 жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Үкіметтің мәліметінше, басты мақсат – жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізіп, әр азамат оның нақты пайдасын сезінетін жағдай қалыптастыру.
Президент Тоқаев қандай міндеттер қойды?
Соңғы екі жылда Мемлекет басшысы жасанды интеллект бойынша бірнеше стратегиялық тапсырма берді. Олардың ең маңыздыларының бірі Alem.ai халықаралық орталығын құру. Астанада ашылатын Alem.ai халықаралық орталығы Қазақстанның AI саласындағы басты ғылыми және технологиялық хабына айналмақ. Орталықтың міндеттері – халықаралық ғалымдарды тарту, стартаптарды қолдау, қазақстандық AI өнімдерін әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу, әлемдік IT-компаниялармен бірлескен жобаларды іске асыру.
Президенттің айтуынша:
«Alem.ai жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі этикалық тұрғыда дамытуға арналған жаһандық орталыққа айналуы тиіс».
Сонымен қатар ұлттық AI платформасын іске қосу бойынша бірқатар тапсырма берілді. Бұл жобаны Қазақстан National AI Platform жобасын жүзеге асырып жатыр. Бүгінде мемлекеттік органдардағы мәліметтер әртүрлі жүйеде сақталған. Ал AI жұмыс істеуі үшін үлкен әрі сапалы деректер қажет. Ендеше ұлттық платформамемлекеттік мәліметтерді біріктіреді және үлкен деректерді талдайды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, бизнеске арналған AI сервистерін дамытуға мүмкіндік береді. Мақсаты – Қазақстанның жеке AI экожүйесін қалыптастыру.
AI туралы заң не үшін қажет болды?
Жасанды интеллект пайда болғаннан кейін әлемде жаңа мәселелер туындады. Атап айтар болсақ, жалған видеолар тарату, өзге адамның дауысын көшіру, жеке мәліметтердің таралуы, авторлық құқықтың сақталмауы және жауапкершілік. Сондықтан Қазақстан AI туралы арнайы заң қабылдап, тәуекелге негізделген реттеу моделін енгізді. Заңның мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, қауіпті AI жүйелеріне талап қою, биометриялық деректерді қорғау, мемлекеттік бақылауды күшейту, инновацияға кедергі келтірмей, қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Қазақстан суперкомпьютер құрып жатыр
Жасанды интеллекттің басты «отыны» – есептеу қуаты. Сол себепті Қазақстансуперкомпьютерлер, деректерді өңдеу орталықтары, жоғары өнімді серверлер, ұлтты инфрақұрылым саласына инвестиция құйып келеді.Президент Digital Bridge форумында елде екінші суперкомпьютерлік кластер іске қосылатынын мәлімдеген болатын. Бұл үлкен тілдік модельдерді өз елімізде оқытуға мүмкіндік береді.
Қазақстан AI арқылы қандай салаларды өзгерткісі келеді?
Үкімет бірнеше басым бағытты анықтады.Денсаулық сақтау саласында диагноз қою, электронды медициналық карталар, аурудың алдын алу, дәрігерлерге көмекші жүйелер бойынша жасанды интеллект керек-ақ. Жасанды интеллектіні білім, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік басқару, көлік салаларында дамыту қажет. Бұл туралы жасанды интеллект маманы Аршат Ораздың айтуынша, Қазақстанда ЖИ-ді қолдану мәдениеті әлі де қалыптасу кезеңінде.
«Соңғы екі жыл ішінде еліміздің бірнеше қаласында “Жасанды интеллект” тақырыбында семинарлар мен тренингтер өткіздім. Сонда байқағаным – қазақстандықтардың басым бөлігі әлі күнге дейін ақылы сервистерді пайдалануға дайын емес. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды, дегенмен көпшілігінің тіпті ең төменгі тарифке жазылуға да көзқарасы өзгеше. Соның салдарынан адамдардың көбі жасанды интеллектінің тек тегін нұсқасын қолданып, оны толық меңгердік деп ойлайды. Алайда тегін платформалар – мүмкіндігі шектеулі демо-нұсқалар ғана. Соған қарамастан, ЖИ-ді кәсіби деңгейде тиімді пайдаланып жүрген салалар бар. Әсіресе, журналистер, ақпарат саласының мамандары мен баспасөз қызметкерлері жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін кеңінен қолдануда. Өйткені олардың жұмысы мәтінмен тікелей байланысты, ал ЖИ ақпаратты өңдеуді жылдамдатып, уақытты айтарлықтай үнемдейді. Бизнес өкілдері де бұл технологияның пайдасын жақсы түсініп келеді. Жасанды интеллект түрлі талдау мен сараптама жасауға, бизнес-процестерді оңтайландыруға және тиімді шешім қабылдауға көмектеседі. Сонымен қатар дизайнерлер арасында да ЖИ құралдарын қолдану деңгейі жоғары. Бүгінде көптеген маман сурет пен бейне жасауға арналған ақылы платформалар арқылы тұрақты жұмыс істеп жүр.Менің ойымша, жасанды интеллект ең алдымен білім беру саласына қажет. Өкінішке қарай, бұл бағытта оның мүмкіндіктері әлі толық пайдаланылып отырған жоқ. Сондықтан мектеп оқушылары мен студенттерге ЖИ-дің мүмкіндіктерін ерте жастан түсіндіріп, оны дұрыс қолдану мәдениетін қалыптастыру маңызды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер үшін де жасанды интеллект үлкен көмекші бола алады. Дегенмен олардың бұл технологияға қатысты алаңдаушылығын да түсінуге болады. Себебі алдағы жылдары жасанды интеллект бірқатар мамандықтардың қызметін автоматтандырып, кейбір мекемелерде штаттың қысқаруына әсер етуі әбден мүмкін», – дейді Аршат Ораз.
Қазақстан Орталық Азияның AI орталығына айнала ала ма?
Сарапшылардың пікірлері екіге бөлінеді. Оптимистік көзқараспен қарасақ, интернет жақсы дамыған, eGov тәжірибесі қалыптасқан. Сонымен қатар IT мамандары көбейіп, Astana Hub халықаралық деңгейге шықты. Ал мемлекет AI-ға басымдық беріп отыр. Алайда шешімін күтетін мәселелер де аз емес. Мысалы, қазақ тіліндегі деректердің жетіспеуі, жоғары деңгейлі AI инженерлерінің аздығы, қуатты дата-орталықтардың тапшылығы, венчурлік инвестиция көлемінің төмендігі, ғылыми зерттеулердің коммерциялану деңгейінің әлсіздігі. Егер осы мәселелердің шешімін тапсақ, Орталық Азияда көшбасшыға айналуымыз әбден мүмкін.
Сарапшылардың ортақ пікірі – Қазақстанда әлеует бар, бірақ әлемдік көшбасшылармен бәсекелесу үшін ғылымға, кадр даярлауға және есептеу инфрақұрылымына ұзақ мерзімді инвестиция қажет. Сіз қалай ойлайсыз?