Астанада өткен Үкімет отырысында геология саласын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынды Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жүргізді. Басқосуға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ұлттық ақпараттық технологиялар құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық және отандық компаниялардың сарапшылары қатысты. Жиында жер қойнауын пайдалануда зияткерлік жүйелерді енгізу арқылы геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселесі негізгі тақырыпқа айналды.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген геологияны жедел цифрландыру және өнеркәсіпте жоғары технологиялық экожүйе қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асыру аясында қолға алынған. Негізгі мақсат – ел аумағындағы геологиялық деректердің кемінде 90 пайызын қамтитын бірыңғай цифрлық платформаны қалыптастыру. Бұл платформа үлкен деректер (Big Data), машиналық көру және болжаушы талдау (предиктивті аналитика) сияқты заманауи технологияларды біріктіреді.
Жиында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда геологиялық ақпараттарды жинақтау және өңдеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. EPAM Kazakhstan компаниясының өкілдері деректерді өңдеу және сақтау үшін ішкі жүйелерді әзірлеу барысы туралы баяндап, бүгінде 1 терабайттан астам ақпарат өңделгенін және жасанды интеллект шешімінің алғашқы прототипі іске қосылғанын мәлімдеді. Бұл – жүйенің практикалық кезеңге өткенін білдіреді.
Ал Terra GeoCube компаниясы ұсынған «GeoCube» моделі геология саласындағы жаңа тәсілдердің тиімділігін көрсетті. Бұл жүйе жерсеріктік түсірілімдер мен тарихи мұрағаттарды талдау арқылы пайдалы қазбалар болуы ықтимал аймақтарды анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, далалық барлау жұмыстарының көлемі қысқарып, шығын азаяды, ал жаңа кен орындарын табу ықтималдығы артады.
Кеңес барысында инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Сарапшылардың айтуынша, жиналған 500 терабайт көлеміндегі деректерді толыққанды өңдеу үшін байланыс арналарының өткізу қабілетін 25 гигабит/секундқа дейін арттыру қажет. Сонымен қатар, есептеу қуаттарын Alem.cloud платформасы базасында орналастыру ұсынылды. Осыған байланысты Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамына жобаны жоғары өнімді графикалық процессорлармен (GPU – есептеулерді жеделдетуге арналған арнайы құрылғылар) және көлемі 2 петабайтқа дейін жететін деректер сақтау жүйелерімен қамтамасыз ету тапсырылды.
Жиынды қорытындылаған Жаслан Мәдиев бастаманың ел экономикасы үшін маңызына ерекше тоқталды:
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында біз экономиканың негізгі салаларының біріне ертеңгі күннің технологияларын практикалық енгізуге көшіп жатырмыз. Геологияда жасанды интеллектіні пайдалану – бұл жай ғана автоматтандыру емес. Бұл ресурстарды іздеу уақытын бірнеше есе қысқартып, инвесторлар үшін барлық процестің ашықтығын қамтамасыз ететін нақты экономикалық құрал. Біздің міндетіміз – инфрақұрылымнан бастап құқықтық реттеуге дейінгі барлық кедергіні жойып, бұл жобаны саланың цифрлық трансформациясының үлгісіне айналдыру».
Сарапшылардың пікірінше, мұндай кешенді тәсіл Қазақстанның минералдық-шикізат базасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Геологиядағы деректерді цифрландыру тек жаңа кен орындарын табуды жеделдетіп қана қоймай, шешім қабылдау сапасын арттырады. Яғни, бұрын жылдарға созылатын барлау жұмыстары енді қысқа мерзімде жүзеге асуы ықтимал.
Кеңес қорытындысы бойынша Astana Hub халықаралық технопаркіне 2026 жылғы 1 маусымға дейін жоба бойынша барлық қажетті келісімдерге қол қоюды жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен салалық ведомстволарға жер қойнауын пайдалануға қатысты шектеулер мен геологиялық қабаттар бойынша өзекті деректерді уақтылы ұсыну міндеті жүктелді.
Жалпы алғанда, геология саласына жасанды интеллект енгізу бастамасы Қазақстан экономикасының технологиялық жаңғыруының маңызды бағыты ретінде қарастырылып отыр. Бұл жоба тек өндірістік тиімділікті арттырып қоймай, елдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, табиғи ресурстарды басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.