Қонаев қаласында белгілі фермер әрі қоғам белсендісі Алмасбек Садырбайға қатысты сот отырысы басталды. Бастапқыда 1 сәуірге жоспарланған алғашқы тыңдау 9 сәуірде өтті. Соттың кейінге шегерілуіне айыпталушының сот залына жеткізілмеуі және кейбір адвокаттардың қатыса алмауы себеп болған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Адвокат Анар Құсайынова бірнеше өтінішхат түсірді. Ол алдын ала тыңдау өткізуді, істі Талдықорған қаласының сотына беруді және Садырбайды қамаудан босатуды талап етуде. Қорғаушының сөзіне сенсек, белсенді қазіргі уақытта ешқандай заңды негізсіз қамауда отыр.
«Тергеу соты Алмасбек Садырбайға қатысты санкция мерзімін 2026 жылдың 19 наурызы сағат 21:39-ға дейін белгілеген. Қонаев соты осы санкцияны күшінде қалдырды, тиісінше оның мерзімі сол күні кешкі 21:40-та аяқталды. Бұдан бөлек, бұлтартпау шарасына және оны ұзартуға қатысты соттың басқа қаулысы шыққан жоқ!» — деп түсіндірді Құсайынова.
Сондай-ақ ол техникалық олқылықтарды да атап өтті: соттың 19 наурыздағы қаулысы Сот кабинетіне тек 31 наурызда жүктелген.
«Шаңырақ» бірлестігі мен Shopan-ata қой өсірушілер қауымдастығын басқарған Алмасбек Садырбай 2024 жылдың қараша айында ұсталған. Ол бір жарым жылдан бері тергеу изоляторында отыр. Оған мынадай ауыр айыптар тағылып отыр:
-
Ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құру;
-
Алаяқтық;
-
Ақша жылыстату.
Алмасбек Садырбайдың өзі кінәсін үзілді-кесілді жоққа шығаруда. Ол бұл қылмыстық істі өзінің қоғамдық қызметімен және фермерлердің құқығын қорғауымен тікелей байланыстырады.
«Мен тұтқындалғаннан кейін прокуратура менің Алматы қаласындағы 6 элиталық пәтерім бұғатталғаны туралы жалған ақпарат таратты. Бұл шындыққа жанаспайды. Мен әділдік сұраймын. Мен кешірім сұрамаймын, маған тек шындықты айту құқығы берілгенін қалаймын», — деп мәлімдеген болатын белсенді бұған дейінгі үндеулерінде.