Еуразиялық экономикалық форум аясында жасанды интеллектінің болашағы мен оның цифрлық нарықтарға ықпалы кеңінен талқыланды, деп жазады Ozgeris.info.
Еуразиялық экономикалық комиссия мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп ұйымдастырған «Жасанды интеллект және бәсекелестіктің жаңа парадигмасы: Еуразиялық экономикалық одақтың трансшекаралық нарықтарын дамытудың қатері ме әлде драйвері ме?» атты панельдік сессияда Қазақстанның жасанды интеллект бағытындағы жаңа бастамалары мен цифрлық экожүйесі таныстырылды.
Сессия барысында сарапшылар жасанды интеллектінің экономикалық модельдерді ғана емес, бәсекелестік қағидаларын да түбегейлі өзгертіп жатқанын айтты. Бүгінде алгоритмдер нарықты жедел талдауға, сұранысты болжауға, өндіріс пен қызмет көрсету процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жабық цифрлық платформалар, алгоритм арқылы баға белгілеу, деректердің шоғырлануы мен бәсекелестікті шектеу секілді жаңа тәуекелдер де пайда болуда.

Жиында Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту бағытында жүйелі ұлттық экожүйе қалыптастырып жатқаны ерекше атап өтілді. Бұл жұмыс цифрлық инфрақұрылымнан бастап, есептеу қуаттарын арттыру, кадр даярлау, заңнамалық база қалыптастыру және халықаралық серіктестік орнату бағыттарын түгел қамтиды.
Қазір Қазақстан цифрлық даму деңгейі мен жасанды интеллектіні енгізуге дайындық көрсеткіші бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы елдердің біріне айналды. 2025 жылы еліміз жасанды интеллектіге дайындықтың жаһандық индексінде 195 мемлекеттің ішінде 58-орынға көтерілді. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орынға, ал онлайн қызмет көрсету индексінде 10-орынға ие болды.

Ресми өкілдердің айтуынша, мемлекеттік деректерді қауіпсіз әрі орталықтандырылған түрде біріктіретін Smart Data Ukimet платформасы Қазақстандағы жасанды интеллектіні енгізудің негізгі тірегіне айналып отыр. Соның арқасында ел жекелеген цифрлық қызметтерден деректерге негізделген мемлекеттік басқару моделіне көшіп келеді.
Форумда жасанды интеллектіні құқықтық реттеу мәселесіне де басымдық берілді. Қазіргі таңда дайындалып жатқан «Жасанды интеллект туралы» заң саланың дамуына ашық әрі түсінікті ережелер қалыптастыруға бағытталған. Құжат азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, халықаралық инвесторлар мен әзірлеушілер үшін тұрақты әрі болжамды орта қалыптастыруды көздейді.
Қазақстан цифрлық егемендікті нығайту үшін есептеу инфрақұрылымын да күшейтіп жатыр. Бүгінде елде NVIDIA H200 чиптері негізінде құрылған екі жоғары өнімді суперкомпьютерлік кластер жұмыс істейді.
Олардың бірі – alem.cloud платформасы. Бұл мемлекеттік секторға, жоғары оқу орындарына және стартаптарға арналған өңірдегі ең ірі суперкомпьютерлік кластер саналады. Жоба әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің халықаралық TOP500 рейтингіне енген.
Ал «Қазақтелеком» іске қосқан AI-Farabi кластері корпоративтік секторға, банк индустриясына және экспорттық нарықтарға бағытталған. Оның өнімділігі 103 PFLOPS көрсеткішінен асады. Бұл да жүйенің әлемдік TOP500 рейтингіне енуіне мүмкіндік берген.

Форумда адами капиталды дамыту мәселесі де қозғалды. Қазақстанда халықты жасанды интеллектімен жұмыс істеудің базалық дағдыларына үйретуге арналған AI Movement бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге Astana Hub технопаркі базасында еліміздегі алғашқы Tomorrow School жасанды интеллект мектебі ашылған. Жоғары оқу орындарында AI Sana бағдарламасы енгізіліп, студенттердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттері мен технологиялық кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға басымдық берілуде.
Панельдік сессияға қатысушылар халықаралық тәжірибені, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету тетіктерін және жасанды интеллект жүйелеріне тәуелсіз аудит жүргізу мәселесін талқылады. Сонымен қатар мемлекеттердің технологиялық қауіпсіздігін сақтай отырып, инновация мен инвестицияны қалай ынталандыру керектігі сөз болды.