🤖 Digital

ЕЭФ-2026: Жасанды интеллект басты тақырыпқа айналды

ЕЭФ-2026: Жасанды интеллект басты тақырыпқа айналды

Астанада өтіп жатқан V Еуразиялық экономикалық форум биыл тек экономикалық емес, технологиялық мазмұнымен де ерекшеленді. «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбында ұйымдастырылған форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және өзге де ресми тұлғалар қатысты, деп жазады Ozgeris.info.

Елордадағы Конгресс орталығында өткен форум бағдарламасы 30-ға жуық іс-шараны қамтыды. Олар «ЕАЭО нарығын дамытуды трансформациялау», «Еуразиялық сабақтастық», «ЕАЭО+» және форум аясындағы арнайы іс-шаралар секілді төрт негізгі блокқа топтастырылды. Форумның басты оқиғасына ЕАЭО мемлекеттері басшылары қатысқан пленарлық отырыс айналды. Жиынға мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар, халықаралық ұйымдар, ірі және орта бизнес, технологиялық компаниялар мен сарапшылар қауымдастығы да қатысты.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологиялары қазір жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып келе жатқанын айтты. Президент халықаралық сарапшылардың бағалауына сүйене отырып, алдағы онжылдықтарда жасанды интеллектіні енгізу есебінен әлемдік жалпы ішкі өнім шамамен 7 трлн долларға дейін өсуі мүмкін екенін атап өтті.

«Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы жаңа технологиялық тәртіптің қалыптасуына алып келеді. Бұл өзгерістер экономиканың барлық секторындағы жұмыспен қамту құрылымына тікелей әсер етеді. Қазір әлемде еңбек нарығы өзгеріп жатыр. Көптеген дәстүрлі мамандықтарға сұраныс төмендейді. Кейбір жұмыс орындары мүлде жойылуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттер дәл қазір жаңа дағдылар мен жаңа білімге негізделген экономикаға бейімделуге кірісуі керек», деді Мемлекет басшысы.

Президент Халықаралық валюта қорының болжамына да тоқталды. Оның айтуынша, алдағы жылдары жасанды интеллектіні енгізу деңгейіне қарай әлемдік еңбек нарығындағы жұмыс орындарының шамамен 40 пайызы қысқаруы мүмкін. Бұл өзгеріс тек технология саласына ғана емес, қаржы, логистика, қызмет көрсету, өндіріс және білім беру жүйесіне де әсер етеді.

«Осындай жағдайда ең маңызды міндеттердің бірі – адамдарды қайта даярлау мен білімін жетілдіру. Мемлекеттер азаматтарды жаңа экономикалық жағдайға бейімдеуге ерекше назар аударуы керек. Қазір тек диплом жеткіліксіз. Адам өмір бойы білім алуға дайын болуы тиіс. Сондықтан біз білім беру жүйесін де жаңа талаптарға бейімдеп жатырмыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен жылғы Жолдауында Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылғанын еске салды. Осы мақсатта 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы деп жарияланды.

«Біз болашақтың негізін қалыптастыра отырып, азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне басымдық береміз. Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет жеке деректерді қорғау құқығы бекітілді. Азаматтардың мәліметтерін заңсыз жинауға, өңдеуге және пайдалануға нақты тыйым салынды. Бұл – жай ғана техникалық мәселе емес. Бұл азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты стратегиялық бағыт. Сондықтан біз цифрлық технологияларды енгізумен қатар, адамның жеке деректерін қорғау мәселесіне де ерекше мән беріп отырмыз», деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғанын да атап өтті. Сонымен бірге жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істей бастады. Оның құрамына отандық және шетелдік сарапшылар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар енген.

«Біз институционалдық негізді күшейтуге басымдық беріп отырмыз. Жасанды интеллектіні дамыту тек бір министрліктің немесе жеке компаниялардың жұмысы болмауы керек. Бұл – бүкіл экономиканы қамтитын кешенді бағыт. Сондықтан біз мемлекет, бизнес, ғылыми орта және халықаралық серіктестер арасындағы байланысты күшейтуге мүдделіміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан бұл бағыттағы инфрақұрылымды да күшейтіп жатыр. Президенттің айтуынша, елімізде өңір бойынша алғаш рет NVIDIA компаниясының технологиялары негізінде екі суперкомпьютер іске қосылды. Сонымен бірге «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құру жобасы басталды.

«Бұл жоба Қазақстанды өңірдегі технологиялық хабтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Біз жаһандық капитал мен әлемдік технологиялық алпауыттарды тартуға мүдделіміз. Қазіргі таңда деректерді сақтау, өңдеу және жоғары өнімді есептеу жүйелері экономиканың маңызды инфрақұрылымына айналып отыр. Сондықтан бұл бағытқа инвестиция салу – болашаққа салынған инвестиция», деді Мемлекет басшысы.

Президент адами капиталды дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Астанадағы ALEM AI халықаралық орталығында TUMO және Tomorrow School халықаралық мектептері, сондай-ақ Telegram мен Presight компанияларының зертханалары ашылған.

«Біз жаңа буын мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Қазақстан тек технологияны тұтынушы емес, оны әзірлейтін және экспорттайтын мемлекетке айналуға тиіс. Сондықтан балалар мен жастардың цифрлық сауатын арттыру, инженерлік ойлауды дамыту және халықаралық деңгейдегі білім беру ортасын қалыптастыру – стратегиялық міндет», деді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы жақында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі арнайы жарлыққа қол қойғанын айтты.

«Біздің мақсатымыз – дербес оқыту жүйесін дамыту, білім беру инфрақұрылымын күшейту және педагогтердің құзыретін арттыру. Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Бірақ ол білім беру сапасын арттыруға, әр оқушының қабілетіне бейімделген оқыту жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Барлық жаңалық